Жандос Смағұлов: Әліпби – халық көптен күткен зәру мәселе еді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 28 қаңтар күні Премьер-министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізген болатын.
Осыған орай академиик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов латын графикасындағы қазақ жазуы емлесіне қатысты пікірін білдірген еді.
Қазақтың тілі туралы сындарлы еңбек жазған алаш азаматтарының бірі Х.Досмұхамедұлы «Ел тiлiнiң бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады» дегенді неге айтқанына ой жіберетін уақыт туды. Күні бүгінге дейін тәуелсіз жылдары дүниеге келсе де қазақша бір ауыз сөз қақпайтын, не шала сауатты будан буынның өкілдері билік сатысындағы лауазымды қызметтерде кезігіп қалуының себеп-салдары неде жатыр!? Олар әу баста ана тілін бойына сіңірмеген соң, рухани кембағал болып қала беруде. Тіпті осы тәуелсіздікпен түйдей құрдас жастардың қазақша білмеуін немен және қалай түсіндіруге болады?! Осы Х.Досмұхамедұлы «Жасында ұлт мектебінде дұрыс оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды, бөтен тілдің сөздерін ана тілдің заңымен айтамын деп шатасады», - дейді. Ал, дәл қазіргі ұрпақ оқуды өзге тілде бастап, кейіннен ана тілде сөйлеймін деп шатасып жүр. Сондықтан, бұл мәселе әліпбидің бұл нұсқасын бекітумен ғана шешіле салайын деп тұрған жоқ, - дейді ол.
Профессор алда латын графикасындағы қазақ жазуы емле ережелерін бекіту, орфографиялық сөздік жасау, оқу-әдістемелік құралдар дайындау сияқты игі шаралар тұрғанын айтады.
Біріншіден, қазақ тілінің дыбыстары мен әріптерін жас буынға, шетел азаматтарына үйретудің оңай жолдары ескерілуі керек, екіншіден, жаңадан жасалған осы әліпбидің осы соңғы нұсқасы арқылы қазақ қауымы дүниежүзілік интернет жүйесіне еркін қосылуының мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылуы қажет. Алдағы осындай елеулі істі оңтайлы шешуге жоспар жасай отырып, жаңа белеске көтерілген қазақ жазуының болашағы зор екендігіне сеніміміз де мол. Егер әлемдік болып саналатын тілдермен тайталаса отырып, қазақ тiлiн латын әліпбиі негізінде заман талабына орай қажетiмiзге жарата алсақ және осы оған елiмiздегi жүзден аса ұлт өкiлдерiн қарата алсақ, сонда ғана әлемдік деңгейге көтерiлгенi. Демек, алдымызда қазақ тiлiнiң бәсекелестік қабiлетiн арттыру мәселесі тұр. Бұл уақыт күттiрмейтiн маңызды мәселе. Өйткені, біздің жас мемлекет үшiн уақыттың әр сәті жауапты, - дейді ол.
Жандос Смағұлов әліпби жобасының таныстырылуы - қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі туралы мәселе көтерілгеннен бері жаңа әліпбидің жүздеген нұсқасы дайындалып, ана тіліміздің тағдырына енжар қарамайтын жұртшылықтың көп болып талқылауының нәтижесі екенін айтады.
Күні кеше Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Ұлттық комиссия отырысында әліпби жобасы таныстырылуын өз басым қуана қабылдап отырмын. Себебі бұл халық көптен күткен зәру мәселе еді. Оның ұлттық тұрғыдан алғанда еліміз үшін, тіліміз үшін саяси мәні бар заман талабынан туғандығы анық. Мұның барлығы – көп болып талқыға салудың және Ұлттық комиссия ұжымындағы ғалымдардың еңбегінің жемісі. Қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі туралы мәселе көтерілгеннен бері жаңа әліпбидің жүздеген нұсқасы дайындалып, ана тіліміздің тағдырына енжар қарамайтын жұртшылықтың көп болып талқылануының нәтижесі деп түсіну керек. Бұл бекітуге ұсынуға талқыланған әліпби жобасы көңілге қонады. Әрине «көш жүре түзелетіні» де анық. Менің ойымша, барынша ғылыми сарапталған, жетілдірілген, нақтыланған және халықаралық талаптарға да сай келетін әліпби жобасы бар деп ойлаймын. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының басты нысаны ұлттық сананы жаңғырту, ұлттық кодты қалыпына келтіру емес пе еді!? Ұлттық комиссия отырысындағы әліпби жобасына көшу мен оны жүзеге асыруда осы мәселені де назардан тыс қалдырмаған абзал болмақ, - деді профессор.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Сәбит Оразбаев І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
Өзгелердің жаңалығы