"Жаңбырдың арты қарға ұласады". Үш күнге арналған болжам ұсынылды
Қазақстан бойынша 2024 жылғы 30 сәуір-2 мамырға арналған ауа райы болжамы жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктер мәліметінше, ауа температурасы төмендейді.
Республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен жауын-шашынды ауа райы күтіледі. 1-2 мамырда еліміздің солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығысында және орталығында қатты жауын-шашын болады. Түнгі уақыттарда жаңбырдың қарға ұласуы ықтимал. Бұдан бөлек найзағай ойнайды. Еліміздің оңтүстік-шығысында бұршақ жаууы мүмкін. Республика бойынша екпінді жел күшейеді, түнде солтүстік, шығыс өңірлерде тұман болады деп болжануда. Скандинавия аймақтарынан енген салқын антициклон жотасы әсерінен, солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда ауа температурасы түнде 0-5 градус жылы, 1-6 градус үсікке дейін, күндіз 5-13 градус жылыға дейін күрт төмендеуі күтіледі. Сондай-ақ суық фронт біртіндеп еліміздің оңтүстік аймақтарына қарай жылжиды, онда ауа температурасы түнде 2-7 градус жылы, 2 градус үсікке дейін, күндіз 15-25 градус жылуға дейін төмендейді, - делінген хабарламада.