6 Қазан 2026, 02:34 Фото: pixabay

Жаңбыр, қар, аяз: Бірқатар өңірде дауылды ескерту жарияланды

Синоптиктер жүргізушілерге жолдағы көктайғақ пен көріну жағдайын ескеріп, алыс сапар кезінде сақтық танытуды ұсынады.

«Қазгидромет» бүгінге, 6 қазанға Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жариялады. Елдің кей өңірлерінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі.

Қарағанды, Ұлытау және Ақмола облыстарында жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ және желдің күшеюі болжанады. Жел екпіні кей жерлерде 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Ақмола облысының солтүстігі мен шығысында төменгі боран болуы мүмкін.

Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жаңбыр мен қар, төменгі боран және көктайғақ күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с, жекелеген аудандарда 23-28 м/с-қа дейін жетеді.

Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай және Жамбыл облыстарында таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын, тұман және жел күтіледі. Жетісу облысында Алакөл маңында жел екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшейеді.

Ақтөбе облысында түнде солтүстік-шығыста жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Батыс және солтүстік аудандарда тұман күтіледі.

Қызылорда облысында күндіз кей аудандарда шаңды дауыл болады. Жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Түркістан облысында түнде және таңертең тұман түседі. Таулы аудандарда жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, тауларда -1°С-қа дейін аяз болады. Жамбыл облысының таулы аймақтарында температура -2°С-қа дейін төмендейді.

Астанада кей уақытта жаңбыр мен қар жауады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с, түнде және таңертең 23-28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.

Сонымен қатар Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында өрт қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде сақталады. Қызылорда облысында да төтенше өрт қаупі болжанған.

Синоптиктер жүргізушілерге жолдағы көктайғақ пен көріну жағдайын ескеріп, алыс сапар кезінде сақтық танытуды ұсынады.