Жаңатастағы өрт: Арнайы комиссия оқиға орнына барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы 2-ықшамаудандағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатында өрт болып, 16 шаршы метр аумақты шарпыды (киімдер мен жиһаз отқа оранды).
Пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз, кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған бес бала қалып қойған. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылған.
Оқыс оқиғаның себебін анықтау үшін облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалығымен комиссия оқиға орнына аттанды. Комиссия құрамына прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енген. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қара жамылған отбасыға жан-жақты көмек көрсетіледі. Психолог мамандар жұмылдырылып, жерлеу шараларын ұйымдастыруға жәрдем берілмек, – делінген хабарламада.
Жаңатасқа облыстық ТЖД басшысы мен жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертхана, өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару қызметінің психологтары шықты. Бұдан бөлек, Жаңатас қаласына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов аттанды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, үйдің отағасы жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан кәмелет жасына толмаған балалар түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Алайда араға біраз уақыт салып, көз жұмған.