Жаңатас жел электр стансасы Орта Азиядағы «жасыл» энергетика қорын толтыруға зор үлес қосады
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан тура екі жыл бұрын Жамбыл облысында Жаңатас жел электр стансасының құрылысы басталған болатын. Сол кезде республикадағы барлық ақпарат құралы «Қуаттылығы жөнінен Орталық Азияда баламасы кем ең ірі жел электр стансасы Сарысуда салынуда» деп жарыса жазды.
Жел электр стансасы желдің өтінің басқаруға келмейтін кинетикалық көзінен электр қуатын жасайды. Оның басты міндеті – ұлттық энергетикалық орталықтардан қашықтағы тұтынушыларды және агро нысандарды қуат көзімен қамтамасыз етеді. Ал артықшылығы – экологияны ластамайды, энергиясы еш уақытта ортаймайды. Осындай желден электр қуатын өндіретін станса 2019 жылдың екінші жартысынан бері Қаратау сілемдерін жағалай, Түркістан ауылдық округінен бөлінген 233 гектар жерге салынып жатыр, - деді Жаңатас жел электр стансаның өңірлік менеджері Наурызбек Жұмағазин.
Мамандар алдымен аталған маңды жіті саралап, құрылысты бастаған екен. Әр станса жел секундына үш метр жылдамдықпен тұрғанда қуат көзін өндіреді. Ал мұнда 150 метр биіктен жел жыл бойы тоқтамайды. Жобаның қуаты – 100 мегаватт, жалпы құны 44,8 миллиард теңгені құрайтын көрінеді. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватты 40 жел қондырғысы (турбина) мен электр жабдығын, сонымен қатар 1 станса орталығы мен көпбейінді нысан тұрғызу жоспарланыпты.
Өткен жылдың 30 қыркүйегінде Жаңатас жел электр стансасы 10 жел қондырғысынан тұратын алғашқы партиясын ұлттық желіге қосқан болатын. Олар өндірген қуат көздері тұтынушылардың ортақ энергия желісіне құйылды. Өткен жылдың соңына дейін тағы 10 жел қондырғысы орнатылып, жалпы 20 қондырғының өндірген электр энергиясының қуаты 50 мегаватқа жетті. Қазақстан мен Қытай елдерінің бұл жобасының қазіргі кезде алғашқы кезеңі біткен. Қазіргі таңда 40 қондырғының 37-сі орнатылып, алғашқы блоктар бүгінгі таңда орта есеппен 15 миллион киловатт/сағат электр энергиясын өндіруде, - деді Н.Жұмағазин.
Оның сөзінше, ендігі кезекте қалған жел қондырғыларын орнату бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Олар маусым айының аяғына дейін бітеді деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарына 100-ге тарта азамат жұмыспен қамтылса, бүгінде 15 қызметкер тұрақты еңбек етіп жатыр.
Жыл сайын сағатына 350 млн киловатт қуат көзін өндіруге мүмкіндігі бар жоба толықтай жүзеге асса, Жамбыл облысының 4 ауданын баламалы қуат көзімен қамтиды, - дейді мамандар.
Жобаның келесі кезеңі соңына жетсе, өңірдегі Сарысу ауданы энергетика саласындағы ірі аймақтың қатарына қосылмақ.
Қазақстанда пандемия кезінде жарияланған карантиндік шаралардан көптеген кәсіпорындар зиян шеккені жасырын емес. Өкінішке қарай, Жаңатас жел электр стансасы да бұл шектеуден шет қалмапты. Инвестициялық жоба шетелдіктердің, яғни қытай мамандарын жұмылдырып, жабдықтарын қолданып жүзеге асырылып жатқандықтан, пандемия кезінде екі ел арасындағы көлік қатынасының уақытша тоқтап қалуынан қажетті жабдықтарды жеткізу мүмкін болмаған. Осы себепті Қытай елінен қажетті мамандар да дер кезінде жете алмай қалған.
Осы аталған кедергілердің салдарынан жел қондырғыларын іске қосу жұмыстары да кешеуілдеді. Яғни жел электр стансасын өткен жылдың күзіне таяу толық қуатына қосу көзделгенімен, белгілі себептермен бұл жұмыстар кейінге шегерілген болатын. Енді жергілікті халықтың жағдайын жасаумен қатар, Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен серпін беретін бұл ірі инвестициялық жобаның толық іске қосылу мерзімі жақын араға жоспарланып отыр, - деді жел стансасының өңірлік менеджері.
Ол аталған нысанның құрылысына кіріскен күннен бастап қытай жағының өкілдері жергілікті мамандарды қытай технологияларын, шетелдік жабдықтарды монтаждау, қосып-жабу тәсілдеріне де үйрете бастағанын айтты. Қазір мұнда он кезекші оператор жұмыс істесе, олардың жартысы өткен жылдың басынан бері осында оқып-үйренуде. Он айлық курстан кейін оларға жел электр стансасын басқару сеніп тапсырылған екен. Тағы бес адам өткен жылдың тамыз-қыркүйегінде жұмысқа шақырылып, олардың оқуы қытай инженерлерінің басшылығымен тікелей жұмыс орнында өткен. Қазір мамандар барлық агрегаттардың тілін жақсы меңгеріп алды.
Жақында Сарысу ауданына жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңатас жел электр стансасына соғып, іс барысымен танысқан болатын. Нысанның техникалық директоры Чжанг Линг өңір басшысына алдағы уақытта осында өндірілетін 100 мегаватт электр энергиясын, жергілікті билік қолдаса, 400-500-ге дейін жеткізу жолдарын қарастыруға болатынын айтып, жоспарларымен бөліскен-ді. Сонда облыс қана емес, Қазақстанның басқа өңірлеріне, тіпті көршілес жатқан республикаларға да электр энергиясын таратуға қол жеткізуге мүмкіндік туады екен.
Барлық құрылыс жұмыстары 30 маусымда аяқталады. Жаңғырмалы қуат көздері «KEGOC» компаниясына жөнелтілгеннен соң, олар оны одан әрі өздері үйлестіреді. Саланың ғалымдарының болжамдарына сенсек, Жаңатас жел электр стансасы Сарысумен қатар, бірнеше аудандарды жарық көзімен қамтамасыз ете алады. Қондырғылар толық Қытайдан жеткізілуде. Десек те, жаһанға жайылған қауіпті індет уағында қиыншылықтар орын алып, бірқатар қызметкерлеріміздің онлайн еңбек етуіне тура келген. Бірақ бұл машақат жобаны мерзімінде бітіруге ешқандай тосқауыл бола алмайды, - деп сендірген серіктестіктің техникалық директоры.
Жалпы, Жамбыл облысы энергияның баламалы көздерін дамыту бойынша Қазақстандағы көшбасшы өңірлердің бірінен саналады. Себебі «жасыл» энергетика саласы үшін Әулиеата – өте ыңғайлы өңір. Оны зерделеу шаралары айғақтап отыр. Өңірде жаңартылған энергия көздерін дамытуға барлық жағдай жасалуда. Қазірдің өзінде мұнда 13 баламалы энергия көздері жұмыс істейді десек, олармен еліміздегі күн, жел және су арқылы алынатын электр энергиясының 20%-ы қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыда өңірдің әлеуеті зор және оны толық көлемде пайдалану қажет. Елімізде алғашқы болып өндірістік жел электр стансасы Қордай ауданында іске қосылғанын да атап өткен жөн.
Бұдан бөлек, Талас және Сарысу аудандарында желдің орташа жылдық жылдамдығы секундына 6 метр және одан да жоғары болады. Баламалы энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр, оған климаттық жағдайымыз да қолайлы. Өндірістік қуаты жағынан еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш бізге тиесілі. Сондықтан жұмысты жалғастыра отырып, түрлі нұсқаларды қарастыру қажет. Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын еске салғым келеді. Біз жаңартылған энергия көздері нысандарын салу үшін қай жерде және қандай мүмкіндіктер бар екенін нақты білуіміз керек. Менің ойымша, барлық ауданда оларды салуға мүмкіндік бар, - дейді Сарысу аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бейсен Шалабаев.
Бәріміз білетіндей, Үкімет еліміздің энергия жүйесіндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру бойынша батыл міндеттер қойып отыр. Бұл бойынша мақсатты көрсеткіш бекітілген: 2020 жылы 3%-ға, ал 2030 жылы 10%-ға жеткізу. Еуропалық қайта құру және даму банкі және оның серіктестерінің қолдауымен салынып жатқан Жаңатас жел электр стансасы болса, өзінің толық қуатында іске қосылуы арқылы ел билігі қойған осы міндеттердің орындалуын жылдамдатады, мемлекеттің одан әрі көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларынан жаңартылатын энергия өндірісіне көшуіне ықпал етеді.
Әулиеата өңірінде, қарт Қаратаудың белінде қазығы қағылған бұл жоба жыл сайынғы көмір қышқыл газы шығарындыларын шамамен 262 мың тоннаға азайтуға көмектеседі екен. Қазақстанның шығарындыларды азайтудың ұлттық жоспарларын едәуір азайту арқылы Орталық Азияда жаңартылатын энергияны дамытуда көшбасшы болу мақсатын жүзеге асыруға ықпал етеді. Жоба ЕҚДБ-нің «Жасыл экономикаға көшу» тәсіліне сәйкес келеді.
Мамандардың есептеуі бойынша, көмірмен жұмыс істейтін электр стансасымен салыстырғанда, сондай қуаттылықпен жел электр стансалары жылына 109 500 тонна көмір, 1 031 тонна күкірт диоксиді және 934 тонна азот оксидін үнемдеп, көмір қышқыл газының шығарындыларын 289 мың тоннаға, түтін мен шаңды 322 тоннаға азайтатын кқрінеді. Сондай-ақ күл-қоқыс көлемін 32 900 тоннаға төмендетеді екен. Бүгінде адамзат өзіне керекті электр қуатының 6-7%-ын желден алуда.
Айта кетерлігі, Жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің мәліметінше, 2030 жылға қарай жер бетіндегі энергетика өндірісінде жел қуатының үлесі 20%-ға жетеді. Оны өндіруге, әсіресе Еуропа мемлекеттері барынша басымдыө беру үстінде. Мысалы, Дания қазірдің өзінде жел генераторларының жәрдемімен барлық электр қуатының 40%-ын, Португалия – 23, Испания – 16, Ирландия – 14, Германия 8%-ын өндіреді, Қазақстанда бұл сан 0,5% шамасында екен. Осы секілді ахуалды ескеріп, неліміз осыдан бірнеше жыл ілгеріде «жасыл» экономика жолына өту жөнінде шешім қабылдады. Оның тұжырымдамасын әзірледі. Мұның экологиялық жағдайдың жақсаруына үлкен әсері болары сөзсіз.
Жаңатас жел электр стансасы толық күшіне енсе, Орталық Азиядағы «жасыл» энергетика қорын толтыруға қосар үлесі зор болары сөзсіз. Сондықтан электр стансасының толық қуатында жұмыс істеуін асыға күтіп отырғандар аз емес. Өйткені жел стансасын іске қосу атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтады әрі жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Желден электр қуатын өндіру – энергияның экологиялық таза көзі. Көмір жағу арқылы өндірілетін электр қуатынан айырмашылығы жел энергиясы қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Өндірістік проце сс технологиясы да қоршаған ортаны ластамайды. Сонымен қатар станса сарқынды су шығармайды және округтегі электромагниттік жағдайды бұзбайды, - дейді мамандар.