Жанат Шардарбекова: Оқырманды жоғалтып аламыз деген уайым жоқ

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Пандемияның салдарынан әлем жұртшылығы онлайн форматқа көшіп, қажетті деген оқулықтардың бәрі электронды түрге ауысып жатқан кезде кәдімгі сарғайған кітаптар мен жаңадан шығып жатқан көркем әдебиетті оқитын жасы үлкен-кіші буын бар ма? Олардың бүгінгі халі нешік? Оңтүстікте қанша оқырман, қанша кітапхана бар? Оның ішінде балалар шығармашылығы қалай насихатталуда? Аға буын немесе жастардың арасынан болсын балалар жазушысы шыға ма? Осы тақырыпта Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының «Тарихи құндылықтарды сақтау» бөлімінің басшысы Жанат Шардарбековамен сөйлесіп көрген едік. 

Тілші: Биыл, өзіңіз білесіз, Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Түркістан облысында осы ретте атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

– Иә бұл ретте ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жыл басынан бері осы бастаманы көтеріп, биыл балалар әдебиеті мен балалар оқу жылы болып жариялануы туралы ұсыныстар айтқан болатын. Ол ұсынысты республика бойынша барлық өңірлік кітапхана қолдадық. Мәдениет министрі Ақтоты Рахметоллақызының тікелей бастамасымен жүзеге асты. Түркістан облысында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Өздеріңізге белгілі, облысымызда Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы бар. Биыл сәйкестік болды ма, кітапхананың ашылғанына 60 жыл толып отыр. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына да тұспа-тұс келіп, екі бірдей мерейтойды тойлап отырған жайы бар. Енді осы кітапханада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетейін. Мерейтой жылдарын облыс көлемінде насихаттау мақсатында 61-60-16 жобасы бастау алды. 61 – бұл кітапхананың ашылған жылы, 60 – бұл биылғы мерейтойдың датасы, ал 16 деген осы Түркістан облысы бойынша балалар кітапханасының саны. Жоба барлық аудандық балалар кітапханасында аталып өтеді. Бүгінгі таңға дейін Келес ауданы бастаған 4 ауданда үлкен іс-шаралар өтті. Қазір қайтадан карантин шектеулері күшейтіліп жатқандықтан, бағдарламаның белгілі бір бағыты онлайн форматқа көшуі де мүмкін. Бірақ бағдарлама негізінен оффлайн форматқа лайықталып жасалған болатын. Мәселен тікелей оқырманмен қарым-қатынас, Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығын насихаттау бағытында құрылды. Әрине елдегі ахуалға байланысты бұл жобаны онлайн форматқа көшірерміз.


Тілші: Былтыр карантин шектеулері оқырман санына қаншалықты әсер етті? Облыста қанша кітапхана бар?

– Өзіңіз білесіз, былтыр наурыздан бері карантиндеміз. Отыз пайыз ғана оқырманға қызмет көрсеттік, одан кейін 50 пайыз оқырманға ұлғайтылды. Қазіргі таңда облыс бойынша көпшілік іс-шараларымыз 3955, оның ішінде 2353 оффлайн, 1602 онлайн форматта өтті. Жалпы Түркістан облысы бойынша 392 кітапхана бар. Оның ішінде 2 облыстық, 16 аудандық, 16 аудандық балалар, 22 қалалық және 336 ауылдық кітапхана бар. Бүгінде бұл кітапханалардың жартысы тіпті 80 пайызы интернет желісіне қосылған. Оның ішінде 96 ауылдық кітапхана интернет желісімен толыққанды қамтылған.


Тілші: Қазіргі балалар қалай, кітап оқи ма екен? Оларды оқуға қайтіп қызықтыра алып жүрсіздер? Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай нендей жобаларыңыз бар?

– Балалар кітапханасында жалпы кезең-кезеңімен оқырмандарға яғни жас ерекшелігіне қарай қызмет көрсетіледі. Балалар кітапханасында 2020 жылы арнайы еркін қарым-қатынас аймағы коворкинг орталығы ашылды. Бір әттеген-айы, ғимарат тарлық етіп тұр. Десе де, балалар кітапханасының басшылығы үнемделген қаржының есебінен аталған коворкинг орталықты пайдалануға берді. Мұнда ауқымды жобалар жұмыс жасауда. Атап айтсақ, «Жастар. Креатив. Драйв» деп аталатын төрт бағытты «Отбасында көшбасшыны қалай тәрбиелейміз?», «Шетелдегі жастармен тікелей байланыс», «Қыз тағдыры – ұлт тағдыры», «Жағдайың қалай жас кәсіпкер?» жобасы бар. Әр бағыттың өзінің қызығушылығы қарай оқырмандармен кездесу ұйымдастырылады. Одан бөлек «Зейін. Бейім. Индивидум» жобасы бастау алды. Жоба тікелей ұл балаларға арналған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұмыт қалып бара жатқан ұлттық ойындар, атқа міну мәдениеті, домбыра т.б. бағыттарда арнайы мамандардың көмегімен түрлі үйірмелер жұмыс істеуде. Бұл да биылғы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына лайықталып жасалынған іс-шара. Себебі ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрдің бәрін біз әдейі кітаптан алуға тырыстық. Жобаны жас абайтанушы ғалым Әзімхан Исабек пен балаларға арналған «Ақылдым» журналының бас редакторы Әзімбек Қойлыбай екеуі жүргізіп келеді. Карантин шектеулері бұл жерде де әсерін тигізуде. Десе де қазір көбіне онлайн форматта тікелей эфирлер арқылы арнайы жасөспірім ұлдардың басын қосып, әңгімелесу, пікірлесу бағытында өткізіліп жатыр. Одан бөлек, жалпы балаларды кітап оқуға тарту, кітап оқитын жасөспірім мен балаларды қолдау. Ең бірінші мақсат – кітапты насихаттау. Бұл бағытта Ұлттық академиялық кітапхана бастаған «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 шығарма таңдалды. Акция 2007 жылы басталса да, содан бері балалар әдебиеті таңдалмаған еді. Биыл тағы бір қуанышты жағдай, 6 бірдей балалар әдебиеті таңдалып, осы шығармаларды насихаттаудамыз. Айталық Ыбырай Алтынсарин, Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жегі», Марат Қабанбаевтың «Жиһангез Титиі», Толымбек Әбдірайым, сондай-ақ Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу» ертегісін аударған Зира Наурызбаева, Мәди Айымбетовтың еңбектері таңдап алынды. Ыбырай Алтынсарин кітапханасы мектептермен тығыз байланыста. Мектеп кітапханашыларының тікелей көмегімен алты шығарманы алты мектеп таңдап алып, бір-бірімен эстафета арқылы ауысып, жарысты. Алайда шектеу шараларына байланысты барлығы онлайн форматта жүруде. Дегенмен екі-үш шараны оффлайн өткізіп үлгердік те, қайтадан шектеулерге тап болдық. Бұл мектеп оқушылары тарапынан қызу қолдауға ие болған акция еді.


Тілші: Облыста қанша оқырман бар? Оның ішінде қаншасы балалар?

– Жалпы Түркістан облысында дәл бүгінгі таңда 99620 оқырман бар. Оқырман деп біз жаңадан тіркелгендерді айтамыз. Ал кітапханаға келушілер санын айтатын болсам 84050. Одан кейін кітап берілімі 2020-2021 жылды қосқан кезде 1 593 805 данаға жетті. Мемлекеттік тапсырыс пен жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыдан кітапханалар қоры толығады. Жыл басынан бері облыс бойынша 33 849 басылым алынды. Мұның ішінде мерзімді басылымдар, кітаптар бар, электронды қордың толығуы кіреді. Ал кітап қоры облыс бойынша 5 892 801 құрайды. Мақтана айтатын жағдай, ауылдық жерлерде кітапханалар ашылуда. Атап айтсақ, 2020 жылдың соңына қарай Келес ауданы, Бірлесу ауылында және 2021 жылы Сайрам ауданы, Қарасу ауылында жаңа кітапхана ашылды. Бір кездері есіңізде болар, кітапханалар жабылып, ауылдық кітапхананың қорын отынға жаққан кездер болды. Ал қазір Тәуелсіздіктің арқасында кітапханалар өте жақсы даму үстінде.


Тілші: Оқырмандар қазір кітап оқи ма? Көбіне қай тақырыптағы кітаптарды оқиды?

– Әрине, бұл өте үлкен көңілді алаңдататын шаруа. Бірақ кітапханалар да құр отырмастан, өте қызу жұмыс жасауда. Себебі бәсекелестік көп бізге. Соның бірі – телефондағы кітап оқуға арналған қосымшалар. Осы электронды форматтағы кітаптар біздің дәстүрлі кітап оқу үрдісін тоқтатып тастай ма деген қауіп төнгеннен кейін, республика көлеміндегі барлық кітапхананың кітапханашылары кітапты ерекше форматта насихаттау, жас оқырмандарға өздерінің қызығушылығына байланысты, ал үлкен оқырмандарға түрлі іс-шаралар арқылы таныстыру, түрлі бағыттағы акциялар ұйымдастыру, «Book reader» акцияларын жүргіздік. Жалпы кітап оқитын оқырмандар көп. Қазір сондай бір кезең болып тұрғандықтан, оқырман мотивациялық, психологиялық кітаптарды көбірек сұрайды. Көркем әдебиетке деген қызығушылық белгілі бір топтағы жастарда ғана. Яғни өздері поэзия немесе прозамен айналысатын жастар көркем әдебиетке қарай бет бұрады. Ал көпшілік оқырмандар мен жасөспірімдер, балалардың сұранысы шетел әдебиеттері, шытырман оқиғаларға толы балаларға арналған кітаптар. Студенттердің сұранысы психологиялық, мотивациялық кітаптар. Бірақ соңғы кездері кішкене бір өзгерісті байқаймын, орыстілді жас оқырмандар классиктерге бет бұрған сияқты. Орыс әдебиетінің классиктері алтын дәуір, күміс дәуір деп бөлінеді ғой. Демек қазақтілді оқырмандарымыз да осы көркем әдебиетке бет бұратын уақыт туады, ол уақытты жасайтын біздің кітапханашылар. Тынбай жұмыс істеп жүрген сол кітапханашылардың арқасында кітапханалар сақталып қалған, қалады да. Болашақта да кітапхана жойылып кетуі мүмкін емес. Жалпы кітап оқи ма деген мәселеге келсек, 100 пайыз оқиды деген сөз жоқ, бірақ кітапты оқитын адамдар өте көп. Барлық нәрсенің логикалық соңы болады. Оқырмандар гаджеттен шаршаған кезде дәстүрлі әдіспен кітап оқығысы келеді. Кітаптың иісін иіскеп, парақтарын парақтап отырып оқығанға ештеңе жетпейді. Сондықтан ол жағынан оқырманды жоғалтып аламыз деген уайым жоқ. Кітапханалардың барлығы заманауи форматта қызмет көрсетіп тұрса, автоматтандырылған технологиямен жабдықталса, оқырманның сұранысына қарай кітап қоры толып тұрса, онда кітапхана оқырмансыз қалуы мүмкін емес. Мәдениет министрлігі, жалпы үкіметтің тарапынан кітапханалар қолдауға ие болып, кітапхана қызметкерлерінің айлық жалақысы көтерілді. Кітапханашы деген бәсекеге қабілетті мамандыққа айналып келеді, осы мамандыққа факультетке түсетін жастар да көбейіп келе жатыр.


Тілші: Кітаптар электронды түрге ауысып жатыр ма?

– Әрине электронды форматқа өтіп жатыр. Енді бұл жерде айта кететін жағдай, сандық форматқа көшіру мәселесі бізде тек Пушкин кітапханасында ғана жүргізіледі. Бүгінге шейін 26 531 кітап сандық форматқа көшірілген. Өлкетану бағытындағы сандық форматқа көшірілген кітаптарды арнайы талаптар мен авторлық құқықты сақтай отырып, Ұлттық академиялық кітапхана базасында ашылған ҚР Ұлттық электронды кітапханасына жібереміз. Демек әрбір қашықтықтан оқимын деген оқырман біздің өлкемізден шыққан жазушылардың туындысымен, энциклопедиялармен электронды кітапхана арқылы таныса алады. Бұл үлкен мүмкіндік, әсіресе шетелдегі қандастарға Қазақстан Республикасының әр өлкесіндегі тарихы қызықтырған өлке туралы оқуына мүмкіндік туып отыр.

Тілші: Түркістан облысында балалар жазушысы бар ма?

– Енді мақтанарлықтай Түркістан облысында балалар жазушысы бар деп айта алмаймын. Балалар жазушысы деген өзекті мәселе. Сол жетіспеушіліктің салдарынан Ресейден шыққан кітаптар қазақшаға аударылуда. Өте әдемі, балаға визуалды түрде тартымды болып шығарылуда. Қазақ қаламгерлері балалар әдебиетіне енді ғана бет бұрғандай. Аймақта Дәркен Танабай деген кісі бар, ол бірақ әдебиет саласында жұмыс істемейді. Сол кісінің балаларға арнап жазған бірнеше шығармасы ғана бар. Сая Қасымбек соңғы кездері ертегі жазумен айналысуда. Әрине, ол драматург болғаннан кейін жазғандарын сахналауға ыңғайлы етіп жасап жатыр. Сол кісі де балалар оқитын шығармалар жазамын деп уәде берді. Ал енді үлкен зиялы қауым өкілдері балалар әдебиетіне лайықтап шытырман оқиғаларды жазып шығуға бет бұра алмайтын сияқты. Дегенмен жастар өсіп келеді, солардың арасынан болашақ балалар жазушысы шығып қалар деген үмітіміз бар. Ал былай балаларға арналған шығармалардың жоқтығы көңіл қынжылтатынын үнемі айтумен келеміз.


Тілші: Облыстан шығатын балалар басылымы бар ма? Сұраныс жағы қалай болып жатыр?

– Мерзімді басылымға келетін болсақ, Шымкент қаласынан республикаға тарап жатқан «Ақылдым» деген балалар журналы бар. Көзіміздің қарашығындай болып, бізге көмек беріп отырған осы журнал ғана. Біздің шығармашылықпен айналысатын, бойында ерекше таланты бар жас оқырмандарымызды журналға шығарып, бірден бір қолдау көрсетіп отырған «Қызмет» газетінің жанынан шығып жатқан журнал. Басылымның тікелей президенті Бейсенкүл Нарымбетова мен «Ақылдым» журналының редакторы Ақылбек Қойлыбай бірден бір ақпараттық қолдау көрсетіп отыр. Ал жалпы көпшілік кітапхана бойынша айтатын болсам, «Оңтүстік» телеарнасы қолдау көрсетуде. Қазір Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы екі кітапхана уақытша Шымкент қаласында. Осы Пушкин кітапханасының ұсынысымен «Әдебиет – ардың ісі» деген жоба ұсынған болатын. Жобаның мақсаты – белгілі бір шығарманы талдау, сол шығарма туралы өте жақсы пікір айта алатын кейіпкерлерді шақыру. Хабардың рейтингі өте жоғары, өйткені осы бағдарламаға қатыссақ, мынадай шығарманы талқыласақ деген сұраныс көп болды. Біраз уақыт сол бағдарламаның екінші жүргізушісі болдым, 8 бағдарлама түсірдік. Қазір қызмет бабына байланысты Түркістан қаласына ауысып кеткеннен кейін, ол бағдарламаның басқа жүргізушісі болатын шығар деп отырмыз. Пушкин кітапханасы 121 жылдан астам тарихы бар қара шаңырақ. Кәсіби мамандар құралған кітапхананы Шәрбану Дінасилова 40 жылдан бері басқарып келеді, Мәдениет саласының үздігі, өте білімді, кәсіби маман. Бұл кітапхана туралы айтатын әңгіме көп.


Тілші: Сіздерде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық, отандық жазушылардың әдеби шығармаларын, әдебиет аудармаларын, ғылыми-танымдық, тарихи, мәдени-ойын-сауық материалдары мен өнертабыстарын ақпараттық қолдау жағы қалай?

– Жаңа айтып өткенімдей, «Ақылдым» журналы мен «Қызмет» газеті біздің кітапхана саласындағы барлық бастамамызды қолдайды. Былтыр «Ақылдым» оқуларын ұйымдастырдық, биыл да жалғасын табады. Эссе байқауында өз ойын еркін жазған, қиялы ұшқыр балаларды ақшалай және арнайы кітаптар сыйға тартамыз. Бұдан бөлек балаларға берілетін сыйлықтарды көбіне «Бал текстиль» кілем фабрикасының директоры, қазақ кілемінің брендін жасаймын деген жүрген меценат азамат Талғат Исхахов қолдау көрсетеді.


Тілші: Оқырмандармен кері байланыс орнату үшін қандай жаңашыл форматтар қолданудасыздар? Себебі, өзіңіз білесіз, қазір бәрі google-ға, wikipedia-ға жүгіне салады. Жастар гаджетке, әлеуметтік желіге үңілген заманда кітап оқыту қиындай түспей ме?

– Балалар кітапханасындағы ең бір ұтымды жоба Қиялымдағы ертегі «FanFiction» болды. Мысалы, біздің кітапханашымыз бір ертегіні бастап айтады, балалар соны өз фантазиясымен ары қарай жалғастырады. Республика көлемінде 500-ге жуық оқырман қатысты. Осы жоба балалардың көңілінен шыққан жоба болды, нағыз кері байланыс орнады. Электронды поштамызға күніне қаншама хаттар келіп түсті. Керемет талантты балалар бар екеніне, болашақ оқырмандар өсіп келе жатқанына көзіміз жетті. Тағы бір кері байланыс, ол әлеуметтік желіні кітапханашылар жақсы пайдаланады. Біз Facebook-ті көп пайдаланамыз, бірақ бала оқырмандарымыз онда көп отырмайды. Сондықтан балалардың трендтегі дүниесіне лайықталып Tik-Tok әлеуметтік желісі арқылы кітаптарды насихаттадық. Оқырмандардың өздеріне ұлттық үлгідегі киімдерді киіп, кітап таңдауға шақырдық. Алайда балалардың сабағы басталып кеткеннен кейін біраз тоқтата тұрдық. Кері байланыс дегеніміз - бала көңіліне жол табу. Көпшілік кітапхана да осылай жұмыс жасап жатыр. Дәл қазір онлайн бағыттағы жұмыстарымыз осы гаджеттерге тікелей тәуелді. Себебі қазір оқырманымызды жүз пайыз кітапханаға кіргізе алмаймыз. 18 млн халықтың қателеспесем 90 пайызы әлеуметтік желіде отырады. Кітапхана туралы желі беттерінде керағар пікір айтқан жандардан оқырмандарымыздың өздері қорғап қалуда. Сол себепті, әлеуметтік желіні өзіміздің кәсіби мақсатымызға оңтайлы пайдаланудамыз.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы