Жаңашыл жастардың «жасыл» жобалары немесе Қазақстан қалай қалдықсыз қоғам құрады?
Қалдықты кәдеге жарату, қоршаған ортаға зиян келтірмеу жаһандық күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе екені мәлім, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінгі әңгіме қазақстандық студенттердің «жанды зертхана» тұжырымдамасы негізінде «Тұрақты даму бағдарламасы бойынша (Sustainability Living Lab) 70-тен астам «жасыл» жобаны жүзеге асырғаны туралы болмақ.
Талантты жастар өздерінің жобалары туралы ықыласпен, үлкен әсермен баяндады. Жан-тәнімен берілген ісі екені жүздерінен көрініп тұр. Біз олардың бірнешеуін әңгімеге тарттық.
Теміртауда таптырмайтын технология
Жәния Омарова биыл «Құрылыс және экологиялық инженерия» факультеті бакалавриатының 4-курсын бітірді. Ол цементсіз геополимерлі бетон өндіру жобасын 2023 жылдың маусымында бастаған-ды. Жәния инновациялық құрылыс материалы өнеркәсіптік жанама өнімдер - күлден, түйіршіктелген және оттегі түрлендіргіш шлактардан және қатты тұрмыстық қалдықтардан жасалған.
Ұшпа күл мен түйіршікті шлак құрылыс индустриясында бұрыннан қолданылады. Бірақ оттегі-конвертерді білетіндер аз, себебі дайын бетондағы жарықтар пайда болады, - деді Жәния Омарова. – Мысалы, Теміртауда бұл қалдықтардың үлкен кен орындары бар, олар көшеде босқа жатыр, материалдың тұрақсыздығына байланысты пайдаланылмайды. Біз мұндай шлакты минералды карбонизация арқылы тұрақтандырудың жолын таптық. Геополимерді өндіру процесі көмірқышқыл газын сіңірумен қатар жүретіндіктен, ол құрылыс индустриясындағы көміртегі ізін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба авторларының инновациялық тәсілі полимер өндіру үшін қарапайым шыны шөлмектерді пайдалануда да көрініс тапты. Олар зертханада ұсақталады, фракция мөлшеріне қарай таратылады, содан кейін ғана құмды алмастыру үшін бетонға қосылады. Дайын геополимерден орындық, гүл құмыралары, тротуар плиталары, кірпіш және басқа да пайдалы заттар жасалады. Жәния Омарованың айтуынша, мұндай геополимер кең практикалық қолданысқа ие бола алады.
Фрютер маймен жүретін автобус
Дамир Айдарханов 2019 NU докторантурасының студенті кезінде пайдаланылған тағамдық фритюр майынан биодизель өндіру жобасын қолға алды.
Биодизель өндірісі - тұйық цикл: майлы дақылдар өскен сайын атмосферадан көмірқышқыл газын алады, одан соң біз тамақ пісіру үшін өсімдік майын қолданамыз, кейін оны қайта кәджеге жаратып биодизель шикізатына айналдырамыз. Яғни, өндіріс кезінде біз атмосфераға қосымша көмірқышқыл газын шығармаймыз. Біз балалармен бірге университет асханаларынан алуға болатын пайдаланылған майдың көлемін есептеп, биодизель өндіруге арналған қондырғы жасадық, - деді Дамир.
Оның айтуынша, АҚШ жоғары оқу орындарында мұндай биоотын кеңінен қолданылады: студенттік автобустар осы отынмен жүреді. Қазақстанда жобаның ауқымын кеңейту үшін алдымен, инвестиция ғана қажет емес, сонымен қатар сананы өзгерту қажет. Өкінішке қарай, бізде мұндай қалдықтар көбіне кәрізге төгіледі.
Күн батареяларына арналған ноу-хау
«Күн панельдеріне арналған жұқа люминесцентті әрі гидрофобты пленка» – NU-дың қауымдастырылған профессоры Тимур Атабаев өз студенттерімен жұмыс істеген жоба осылай аталады.
Мәселе мынада, күн панельдері уақыт өте келе күйіп кетеді. Сондай-ақ өте тез ластанады, бұл олардың жұмысының тиімділігін төмендетеді. Панельді жиі-жиі таза сумен жуып тұру керек. Бұл кемшіліктерді жою үшін біз өзін-өзі тазарта алатын гидрофобты қаптама жасадық. Бұл жабын су шығынын азайтады, панельдердің тиімділігін арттырады, қызмет ету мерзімін ұзартады, бұл елімізде үшін өте өзекті, - деді Тимур Атабаев.
Алынған гранттың бір бөлігін зерттеушілер материалдар мен құралдар сатып алып, өз идеяларының өміршеңдігін іс жүзінде, жұмыс істеп тұрған күн панельдерінде тексерді. Сөйтіп, керемет нәтижеге қол жеткізді. Енді "жасыл" энергетика аясындағы бұл жобаны еш қауіпсіз коммерцияландыруға болады.
Жоба авторлары ұсынған люминесцент материал жоғары энергиялы ультракүлгін фотонды төмен энергиялы фотонға айналдырып, қолданылатын жарықты көкке айналдыра алады. Бұл жоба жұқа пленка жасау үшін полидиметилсилоксан полимер матрицасына ендірілген лантаноидты нанобөлшектерді пайдалануды ұсынады.
Сынық әйнек те жерде қалмайды
NU бағдарламасына қосылған алғашқы университеттердің бірі Қарағанды мемлекеттік университеті. Осы оқу орнының студенті Рүстем Қожабаев Tile Glass әйнегін қайталама пайдалану жобасынан грант жеңіп алды. Жастар тіпті "hand made" деп аталатын жаңа ағым құрды.
Көпшілік әйнектің ыдырау процесі мың жылдан астам уақытқа созылады деп ойламайды. Оның ұзаққа созылатын көміртегі әсері бар. Полигонда жатқан әйнек ыдыраған кезде топырақтың сілтілік балансын өзгертеді, эрозия тудырады. Біз әйнек сынықтарына екінші өмір сыйлау керемет болады деп шештік. Жобамыз конкурста жеңгеннен кейін грантқа өзімізге қажетті материалдар, ыдыстар, эпоксидті шайыр сатып алдық. Біз қатты қалдық жинайтын ірі компаниямен байланыс орнатып, әйнектің қажетінше жинап алдық, – деді Рүстем.
Қайта кәдеге жаратылған әйнек сынықтарынан ҚарМУ студенттері әдемі шамдар, органайзер, қорап сынды түрлі бұйым құрастырып жатыр. Оны университеттегі жәрмеңкелерде студенттер мен оқытушылар қуана сатып алады.
Қуат үнемдеу санадағы өзгерістен басталады
Анвар Колумбетов ұзақ уақыт бойы жаңғырмалы энергия көздері (ЖЭК) жобаларын дамытумен және жүзеге асырумен айналысып келеді. NU кампусында бұл «жасыл» технологиялар белсенді қолданылады: мұнда фотоэлектр күн панельдері, жел генераторлары, күн коллекторлары, жылу сорғылары орнатылған.
2022 жылы Анвар кампуста барлық ғимараттардың қуат шығынын визуализациялап, оған қоса жаңғырмалы қуат көзін өндіру үшін цифрлық платформа құру идеясымен «жасыл» стартаптарды іске асыру конкурсына үлкен ынтамен қатысты. Жоба NU Energy dashboard деп аталды.
- Біздің жобаның мақсаты - университет қауымдастығының санасын энергияны үнемдейтін мінез-құлыққа бағыттау. Жұмыс барысында электр қуаты қанша тұтынылатынын, оның қаншалықты ұтымды екенін, энергия үнемдеуге қандай мүмкіндіктер бар екенін талдадық. Осылайша, барлық ақпарат кампустың әр тұрғынына түсінікті әрі қол жетімді болатындай етіп цифрлық платформа құру идеясы пайда болды, – дейді Анвар Колумбетов.
Осы платформа NU-да энергияны үнемдеу саясатын жүргізуге негіз болды. Қуат үнемдеу кезінде университеттің әр блогына жауапты адамдар көтермеленеді. Тұтынудан асып кеткен кезде платформа тиісті ұсыныстар береді.
Ресурс үнемдеудің тағы бір бейресми тәсілі кампуста босаған пластикалық ыдыстардың мөлшерін азайтуға қатысты. Студенттер пластикалық қоқысты едәуір азайтып, қоғамдық орынға таза ауыз су жинайтын стационарлық баған орнату жеткілікті деп тапты. Бұл қарапайым шешім өз жемісін берді.
«National Conservation Initiative» корпоративтік қоры мен NU тұрақты даму кеңсесі Шеврон компаниясымен тығыз серіктестік байланыс орната отырып, 2019 жылы осындай қоғамға пайдалы идеяны іске асырды. Бағдарлама аясында Қазақстан үшін маңызды міндеттер шешімін тауып «жасыл» экономиканы дамытуға, энергия үнемдеуге және қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған студенттер мен оқытушылардың зерттеулеріне грант арқылы қолдау көрсетілді.
Көріп отырғанымыздай, жалындап тұрған жастар жеткілікті. Олардың тұрақты дамуға негізделген жобалары жерде қалмауы үшін университеттер маңызды рөл ойнайды. Оқу орындары жаңашыл идеялардың жүзеге асуына жағдай жасау арқылы ғылыми орта құрып, экологиялық мәселелерді шешуге түрткі болады. Отандық компаниялар университеттермен тізе қосып әрекет етіп, инновацияға инвестиция салудан тартынбаса, ел болашағын жақсы жағына өзгертетін жастар әлі талай жаңа идеяларды жүзеге асырады деп сенеміз.
Авторы: Айбын Ақпатша