Жанармай тапшылығы жоқ, бірақ шекарада бақылау күшейді – министрлік
Энергетика министрлігі шекарадан жанармай құю үшін тәулігіне емес, бір реттен артық өтуге тыйым салынғанын мәлімдеді. Елде жанармай қоры жеткілікті, тапшылық жоқ.
Қазақстанның Энергетика министрлігі шекара маңындағы өңірлер арқылы жанармайдың сыртқа шығарылуына жол бермеу үшін көліктердің елге кіру жиілігіне қойылған шектеу әлі де күшінде екенін еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев айтты.
Қазіргі уақытта еліміздің аумағына бір реттен артық кіруге тыйым салатын бұйрық қолданыста. Бұл талап барлық шекара маңындағы өңірлерге қатысты, – деді ол.
Министрлік Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы жағдай Қазақстандағы кәсіпорындардың жұмысына әсер етпейтінін де атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, елде жанар-жағармай қоры жеткілікті қалыптастырылған, сондықтан халық үшін жанармай тапшылығы қаупі жоқ.
Қазіргі таңда қажетті жанар-жағармай қоры жасақталған. Халық үшін қандай да бір тапшылық байқалмайды, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Еске салайық, 4 шілдеде Премьер-министр Олжас Бектенов жанар-жағармай нарығындағы жағдайға арналған кеңес өткізген болатын.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бері автомобиль өткізу бекеттерінде жалпы көлемі 40 мың литрден асатын мұнай өнімдерін заңсыз алып шығудың 593 әрекетінің жолы кесілген.
Жол картасы аясында шекара маңындағы бақылау күшейтіліп, қосымша тексеру жұмыстарын жедел жүргізу үшін қызметкерлер саны арттырылды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді топтардың тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын айтты. Тәуекелдерді басқару жүйесі аясында шекара маңындағы жолдарда автоцистерналар мен жанармай тасымалдайтын көліктер тексеріледі.
Соңғы екі тәулікте өткізу бекеттерінде қосымша бактар мен канистрлерге құйылған 3 тоннадан астам жанар-жағармайды заңсыз алып шығудың 61 әрекеті тоқтатылған.
Сондай-ақ жанар-жағармай тасымалдауға арналған 18 арнайы көлік тексеріліп, оның біреуіндегі 34 тонна мұнай өнімінен сараптама үшін сынамалар алынған.
Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер органдары қызмет көлемінің қалыптан тыс өскені анықталған 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне талдау жүргізіп жатыр. Осы нысандарға қатысты тиісті тексерулер өткізілмек.