Жанармай құю бекетін тонамақ болғандар ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түнгі екі шамасында Қызылжар ауданының Соколовка ауылы маңындағы жанар-жағар май станциясының кассиріне медициналық бетперде киген екі адам шабуыл жасаған.
Олардың бірі кеңселік пышақты сермеп, ақша талап етекен. 47 жастағы кассир қаскөйге барынша қарсылық көрсетіп, сытылып, көрші тұрған газ құю станциясына қарай қаша жөнелген, сол жерде полицияға хабарлаған. Қылмыскерлер кассадағы 270 теңгеден астам соманы алып, қашып кеткен.
Полицейлер дереу оқиға орнына келді, қылмысты ашу үшін облыстық Полиция департаментінің жедел уәкілдері де тартылды. Алғашқы кезекте, назарға қарақшылық шабуыл жасау кезінде ЖЖС маңында байқалған шетел көлігіндегі екі ер адам ілікті. Алайда тексеріс жүргізген соң, күдік расталмады. Жедел іс-шаралар әрі қарай жалғастырылды. Сағат 4:30 шамасында ауыл маңындағы тас жолдың бойымен облыс орталығына қарай жаяу бет алған екі ер адамға СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климовтың көзі түседі. Полиция полковнигі оларды ұстап, көлігіне отырғызып, қарақшылық шабуылға қатыстылығын тексеру үшін оқиға орнына әкелді. Ұсталғандардың сөмкелерінен ұрланған ақша шықты.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген 192-бабы 2-бөлігі (қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. 1991 жылы туған ұсталғандар Қызылжар ауданының ПБ уақытша қамауда ұстау изоляторына қамалды. ЖЖС иесіне қызметті қауіпсіз жүзеге асыру үшін жағдайды жақсарту туралы ұсыным жолданды.