25 Қыркүйек 2026, 14:32 Фото: Ақорда

Жанармай бағасы шарықтап кетуі мүмкін: Макрон Трампқа ескертті

Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ-тың дизель отыны экспортқа тыйым салуы мүмкін екенін, бұл бағаның жаңадан шарықтап кетуіне түрткі болуы ықтимал екенін ескертті. Оның айтуынша, Париж отын жеткізудегі ықтимал кідірістерге қазірдің өзінде дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu-ға сілтеме жасап.

Париж не үшін алаңдаулы?

Макрон бұл шектеу мүмкіндіктерін АҚШ президенті Дональд Трамппен БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында өткен кездесуде талқылағанын айтты.

Француз көшбасшысы Трампқа мұндай шешімнің салдары қандай болатынын ескерткенін мәлімдеді.

«Мен оған бұл шешімнің дұрыс емес екенін айттым», – деді Макрон.

Сонымен қатар Франция президенті елдің америкалық мұнайға тікелей тәуелді емес екенін атап өтті.

Франция тапшылыққа дайындалуда

Ормуз бұғазының блокадасына байланысты энергетикалық ресурстар жеткізіліміндегі іркілістер аясында Париж қосымша шаралар қабылдауда.

«Біз отын тапшылығын болдырмау үшін барлығын жасап жатырмыз», – деді Макрон.

Оның айтуынша, Франция газ қорын толықтырып қойған және мұнай қорына да ие. Билік алдағы апталарда елді отынмен қамтамасыз етуді жалғастырмақ.

Қорлар қайтадан ашылуы мүмкін

Макрон «Үлкен жетілік» (G7) елдерінің кездесуін шақыру жоспары бар екенін хабарлады. Көшбасшылар энергетикалық нарықтағы жағдайды бағалап, стратегиялық қорларды пайдалану мүмкіндігін талқыламақ.

Франция президентінің айтуынша, егер жағдай араласуды талап етсе, G7 елдері нарықты тұрақтандыру үшін резервтерді қайтадан пайдалана алады.

АҚШ дизель экспортын шектеуі мүмкін

Дональд Трамп әкімшілігі дизель отынының экспортына 90 күнге дейінгі мерзімге шектеу қою мүмкіндігін қарастыруда.

Бұған отын бағасының рекордтық деңгейде қымбаттауы себеп болып отыр. Трамп бұған дейін дизель экспортын шектеу идеясын қолдаған еді.

Алайда АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райт толық тыйым салу кері әсерін тигізіп, бағаны төмендетудің орнына, керісінше, бензин мен авиаотын бағасының одан әрі өсуіне түрткі болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та дизель экспортын 90 күнге тоқтатуы мүмкін екені хабарланды.