Жанар-жағармай құю бекеттері қаланың шет аумағына көшіріледі
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыстық мәслихат депутаттарымен бірге Ақтөбе қаласын аралады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңір басшысы Әбілқайыр хан даңғылы мен Ғ.Жұбанова көшелерінің қиылысында орналасқан жанар-жағармай құю бекеттеріне барды. «Compass» және «Helios» ЖМҚС өкілдерімен әңгімелескен облыс басшысы Ералы Тоғжанов бұдан былай бірде-бір автожанармай құю станциясы Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналаспайтынын алға тартты.
Біздің міндетіміз – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ескере отырып, қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Ал бізде, қала орталығында күн сайын іс-шаралар өткізіліп, көп адам жиналатын демалыс саябағы, мәдениет нысандарының жанында екі ірі жанар-жағармай құю станциясы жұмыс істеп тұр. Бұл дұрыс емес. Біз ЖЖҚС үшін жер учаскелерін бөлуге, сіздерге көмектесуге дайынбыз, - деді облыс әкімі.
Жанар-жағармай құю станцияларының өкілдері көшіру туралы аймақ басшылығының шешімін қолдап, учаскелерді қысқа мерзімде босатуға уәде берді. «Compass» жанармай құю бекетінің артындағы жасыл желек алқабының жай-күйі Ералы Тоғжановтың ашуын тудырды. Құрғақ шөп қаптаған, қоқыс тау болып үйілуде. Орталық саябақтың жағдайы да мәз емес. Облыс әкімі адам аяғы баспаған демалыс орнының аумағын аралау кезінде металл конструкциялар, саябақта жұмыс істейтін кәсіпкерлердің мүлкі, қоқыс, құрылыс материалдары сақталатын контейнерлердің жасырылғанын көрді.
Саябақ – ақтөбеліктердің ең көп келетін жері, басты демалыс орны. Бірақ бұл жерде қалай демалуға, қалай жүруге болады? Облыста санитарлық тазалықтың екіайлығы жарияланды. Алайда, мұнда ешқандай сенбілік өткізілмегенін анық байқауға болады. 2 мамырда адамдарды барынша көптеп тартып, аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіңіз. Орнатылған барлық павильондар мен дүңгіршектер қаланың сәулеттік келбетіне сәйкес келуі тиіс. Мұнда тәртіп орнатыңыз, - деп облыс әкімі қала басшысына тапсырма берді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Әбілқайыр хан даңғылын көркейту бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді.