Жанар Хамитованың туыстары әншінің өзіне қол жұмсағанын жоққа шығарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әнші Жанар Хамитованың туыстары, оның өзіне-өзі қол салғанын жоққа шығарды. Марқұмның туысқан ағасы қарындасының қазасына мүлде басқа жағдай себеп болғанын айтты. Бұл туралы Астана арнасы жазды.
Дегенмен қазір оқиғаның мән-жайын полиция анықтауға кіріскенЖанар Хамитованың қазасы жайлы 16 қыркүйек күні таңертең әлеуметтік желіде тарады. Қайғылы жағдай Қарқаралы ауданындағы әкесінің үйінде болған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақыртылғанымен, әншіге араша бола алмапты. Дегенмен Жанардың жұмбақ өліміне қатысты түрлі қауесет тарап үлгерді. Әлеуметтік желідегі жазбаларда "әнші өзіне қол салды", "асылып қалды" деген ақпараттар жылдам тарады.
Алайда марқұмның туыстары әншінің өзіне қол жұмсағанын жоққа шығарып отыр. Туысқан ағасы Тиышбек Хамитовтің айтуынша, қарындасының қазасына, оның басында болған жайттар себеп болған. Жүрегіне салмақ салды дейді.
«Ондай ештеңе болған жоқ. Жүрегі шыдамады. Үйді жуып-жинап жатқан. Ауылға 1-2 күнге келген. Күйзелу деген бар. Алтын бала - ол. Шығармашылық адамы болды», - деді ол.
Жанар отбасындағы үш баланың үлкені. 12 жасынан бастап үлкен сахналарда өнер көрсете бастаған.
Естеріңізге сала кетейік, әнші 16 қыркүйек таңертең Қарқаралы өңіріндегі өз ауылында қайтыс болды. Қарағанды облысының полиция департаменті бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 105 бабы 1-тармағы (Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу) бойынша тергеу жүріп жатқанын айтқан болатын. Министр де Жанардың қазасына қатысты түсініктеме берген болатын.
Жанар Хамитова 2006 жылы Super Star мега жобасына қатысты. Бұдан кейін ол «Чайна Таун» музыкалық топтың құрамында өнер көрсетті. Кейін Нұржан Керменбаевпен бірге "Арнау" дуэтінің әншісі болды. 2009 жылы ол "Арнау" дуэтінің құрамынан бөлініп кетті.