29 Қаңтар 2026, 13:20 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ерболат Бекболат

Жаңаөзендегі кісі қолынан қаза тапқан дәрігер ісі: ІІМ пікір білдірді

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенатта өткен баспасөз брифингінде Жаңаөзенде кісі қолынан қаза тапқан дәрігердің ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенатта өткен баспасөз брифингінде Жаңаөзенде кісі қолынан қаза тапқан дәрігердің ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министр медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдататын жаңа заң аясында қылмысты қандай баппен саралауға болатыны жөніндегі сұраққа жауап берді.

Бұл мәселе нақты тергеушінің құзырындағы дүние. Олар істің мән-жайын ескере отырып, соған қарай бағалайды. Бірақ қалай болғанда да, істің адам өлтіру бабымен қозғалуының өзі-ақ аса ауыр салдарды білдіреді. Жаңа нормалар көбіне қорқыту немесе басқа да әрекеттер болған жағдайларға қатысты енгізілген. Ал кісі өлтіру – кісі өлтіру. Мұнда саралау белгілері басқа. Онда онсыз да аса ауыр бап қарастырылған, сондықтан қандай да бір қосымша түзету қажет емес, – деді Игорь Лепеха.

Сондай-ақ ол қажет болған жағдайда тергеу істі басқа нормалармен қатар қарастыруы мүмкін екенін де айтты.

Еске салайық, 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында медициналық мекеменің дәлізінде ер адам дәрігер-терапевтке шабуыл жасап, оған пышақпен ауыр жарақат салған. Алған жарақаты салдарынан 29 жастағы маман көз жұмды.

Кісі өлтіру жасады деген күдікке ілінген адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.