Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты: Құрылыс кестеден айтарлықтай кешігіп жатыр
Жаңаөзен газ өңдеу зауытын пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысып, мердігер ұйымдарға жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Министрдің айтуынша, жобаның іске асырылуы бекітілген кестеден айтарлықтай кеш қалып отыр. Келісімшартқа сәйкес құрылысқа 36 ай қарастырылғанымен, оның 29 айы өтіп кеткен. Соған қарамастан нысанның жалпы дайындығы небәрі 40 пайызды құрайды.
«Мұндай құрылыс қарқыны бізді қанағаттандырмайды. Мердігерлер жұмыс көлемін дереу ұлғайтуы тиіс», – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрліктің мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі әзірге 13 пайыз ғана. Сондай-ақ бетон құю жұмыстары да жоспардан едәуір кешігіп жатыр: жоспарланған 58,4 мың текше метрдің орнына 7,5 мың текше метр ғана орындалған.
Технологиялық жабдықтарды жеткізу мәселесінде де іркілістер бар. Тапсырыс берілген 259 жабдықтың тек 98-і ғана шетелдік өндірушілер тарапынан жөнелтілген. Осыған байланысты министр мердігерлерге жабдықтарды жеткізуді жеделдетіп, шетелдік өндірушілермен жұмысты күшейтуді және Қазақстандағы модульдік құрастыру қуаттарын арттыруды тапсырды.
Министрдің айтуынша, Жаңаөзен газ өңдеу зауыты – ел үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Сондықтан құрылыс алаңына қосымша жұмыс күші мен арнайы техниканы жұмылдыру қажет. Құрылыстың ең қызған кезеңінде мұнда 1200-ге дейін маман жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.
Жоба іске қосылғаннан кейін зауыт жылына 900 млн текше метр газ өңдеуге қауқарлы болады. Сонымен қатар жыл сайын 743 млн текше метр тауарлық газ, 217 мың тонна сұйытылған мұнай газы және 122 мың тонна пентан-гексан фракциясы өндірілмек.
Энергетика министрлігі жобаның орындалуын бақылауды күшейтті. Енді мердігер ұйымдар құрылыс барысы, атқарылған жұмыстар және кешігулерді жою шаралары туралы апта сайын жедел есеп беріп отырады.
Жаңаөзен газ өңдеу зауытын пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.