Жаңаөзендегі ауыз су мәселесі кеше-бүгін пайда болмады – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңаөзен қаласын таза ауыз сумен қамтамасыз ету әлі де өзекті мәселенің бірі. Өткен жылы 160 мың тұрғыны бар қалаға тәулігіне 50 мың м3 ауыз су жетіспеушілігімен кездесіп отырған.

Бұл туралы сенатор Серікбай Тұрымов ел Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласына су екі көзден жеткізіледі. Олар: «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры және қаладан 50-60 шақырымдай жерде орналасқан «Түйесу», «Сауысқан» кен орындарының жер асты сулары.

Қала халқының су тұтыну көлемінің жыл сайын артуы мен су жеткізуші ұйымдардың технологиялық құрал-жабдықтарының тозуы, соңғы кездерде жылдың 12 айында да суды кестемен беруге мәжбүрлеуде. Мәселен, 2021 жылы 10 600 000 м3 ауыз су жеткізуге өтінім берілген. Алайда, жеткізуші ұйымдардың техникалық мүмкіндігіне қарай тек 9 400 000 м3 су жеткізілді. Яғни 1 200 000 м3 су жетпеді, - деді сенатор.

Депутат өңірдегі ауыз су мәселесі кеше-бүгін пайда болмағанын баса айтты. Оны шешу қажеттігін ел Президенті 2021 жылғы қыркүйектегі Жолдауында да айтқан болатын. Осыған байланысты өңірде тұщыландыру зауытын салу туралы шешім қабылданды. Өткен жылдың жазында зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалғанымен, жобалық-сметалық құжаттамасы әлі әзірленбеген, құрылысты қаржыландыру көздері мен тетіктері нақты пысықталып, айқындалмаған. Бұл жағдай, әрине, зауыттың іске қосылуын тағы бірнеше жылға кешіктіріп отыр, - деп ашуланды сенатор.

Жаңаөзен қаласы халқының игілігі үшін сапалы ауыз су жеткізуді және өңірдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында, Кендірлі демалыс аймағы, Тоқмақ жеріндегі тәулігіне 50 000 м3 теңіз суын тұщыту зауытының құрылысын іске асыру жұмыстарын жеделдетуге нақты тапсырма беруіңізді сұраймыз, - деді сенатор Үкімет басшысына.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы