18 Қазан 2026, 02:34 Фото: скрин

Жаңаөзенде жеті айлық сәби желдеткіштен ауыр жарақат алды

Дәрігерлер жараларды өңдеп, тігіс салды. Сәби ауруханаға жатқызылды

Жаңаөзенде жеті айлық сәби қолын темір желдеткішке тығып алып, ауыр жарақаттанды. Балаға шұғыл медициналық көмек қажет болды.

Бұл туралы травматолог-ортопед Нұрсұлтан Асқаров өзінің Instagram парақшасында жазды.

Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының жарақат бөліміне үй жағдайында қол саусақтарын жарақаттап алған жеті айлық сәби шұғыл жеткізілді. Баланың саусақтары темір желдеткішке кіріп кеткен. Тексеру барысында қолының екінші, үшінші және төртінші саусақтарының ұшқы буындары деңгейінде жарақаттық ампутация болғаны анықталды, – деп жазды дәрігер.

Дәрігерлер жараларды алғашқы хирургиялық өңдеуден өткізді. Төртінші саусақтың ұшы толық болмағандықтан, оның орнында тұқыл қалыптастыруға тура келген. Ал үшінші саусақ қолмен тек тері тіндері арқылы ғана байланысып тұрған. Медицина мамандары жарақаттанған жерді өңдеп, тігіс салды. Екінші саусақтағы жара да өңделіп, тігілді.

Бала әрі қарай ем қабылдап, бақылауда болу үшін травматология бөліміне жатқызылды. Стационарлық емнен кейін де травматологтың бақылауында болады. Құрметті ата-аналар! Балаларды қауіпті болуы мүмкін заттардың жанында қараусыз қалдырмаңыздар, – деп ескертті дәрігер.