Жаңаөзенде Ұлттық ұлан жауынгерлері салтанатты түрде ант қабылдады
Осыдан бір ай бұрын әскер қатарына жаңадан қосылған жауынгерлер аз уақыт ішінде саптық жауынгерлік дайындықтан өтіп, ел алдында әскери ант қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ант қабылдау – халқыңа, еліңе адал болу ел басына күн туса оны ақтық демің қалғанша қорғау деген сөз. Отанды қорғау - ең асқақ парыз, абыройлы міндет екенін бүгінгі әскери ант қабылдаған жас сарбаздарда жақсы түсінеді.
Әскери борыштарын өтеуге 120-ға жуық жас сарбаз Алматы, Атырау, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарынан шақыртылған. Салтанатты ант қабылдау рәсіміне жергілікті билік органдарының басшылары мен бөлім ардагерлері қатысты.
Ант қабылдау - бұл мемлекетке және өз елінің халқына адал болуға ант ету. Бұл әрбір әскери қызметшінің өміріндегі ең маңызды күндердің бірі. Бүгін біздің қатарымыз рухы мықты және өз елін сүйетін жас жауынгерлермен толықты. Әскер – жас жігітке берері мол нағыз өмір мектебі. Жаңа ғана Отанға адал болуға әскери ант қабылдадыңыздар. Сіздерді әскери ант қабылдауларыңызбен, ал әскери бөлім жеке құрамын жаңа толықтырулармен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық, бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін, — деді 5548 әскери бөлімінің командирі подполковник Санат Табетов.
Ант қабылдау рәсімінен кейін әскери бөлімнің басшылық құрамы, әскери бөлімнің клубында жас сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, ата – аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.