Жаңаөзенде түлектер жол апатына ұшырады
Желіде Жаңаөзен қаласында бірнеше көлік соқтығысқан сәт түсірілген видео таралып жатыр. Көліктердің бірінде мектеп бітіруші түлектер болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 23 мамырда Toyota Hilux, Toyota Land Cruiser 100 және Lexus LX 450 көліктері соқтығысқан.
Белгілі болғандай, Toyota Hilux пикапын жүргізген азамат (түлек емес) алдында келе жатқан Land Cruiser 100-ді басып озбақ болған. Алайда маневр жасау кезінде Toyota Hilux жол жиегіне шығып кетіп, Land Cruiser 100 көлігімен соқтығысқан. Өз кезегінде Land Cruiser 100 инерциямен Lexus LX 450 көлігіне соғылған. Соның салдарынан пикап жолдан шығып кеткен, – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Білім басқармасы Жаңаөзендегі жол апаты кезінде рөлде мектеп түлегі болмағанын хабарлады.
23 мамырда Жаңаөзен қаласында болған жол-көлік оқиғасына қатысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған "жол апатына мектеп бітіруші түлектер себеп болды" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, делінген хабарламада.
Аймақтық полиция департаменті апаттан ешкім зардап шекпегенін нақтылады.
Toyota Hilux жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабындағы “Көлік құралдарын жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы, салдарынан адамдардың денсаулығына зиян келуі немесе көлікке не басқа мүлікке зақым келуі” бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік айып тұрағына қойылды, – деп мәлімдеді ведомство.