Жаңаөзенде тегін инклюзивті спорт секциялары ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Жаңаөзенде Р.Өтесінова атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған бочча мен адаптивті жүзу бойынша инклюзивті спорт секцияларының ашылу рәсімі өтті.
Ашылу кезінде қатысушылар үшін бочча бойынша ашық шеберлік сыныбы өтті.
Бочча - бұл паралимпиадалық спорт түрі. Бұл спорт түрі мүмкіндігі шектеулі адамдарға физикалық қабілеттерін ғана емес, сонымен бірге стратегиялық ойлауын да дамытуға көмектеседі. Қазіргі уақытта бочча Қазақстан үшін жаңалық, бірақ оның қарқынды дамуы мен танымалдылығы жақын арада Қазақстанның Паралимпиадалық құрамасы үшін резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Адаптивті жүзу тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдарды тиімді физикалық оңалтуды, олардың әлеуметтенуін және қоғамға бейімделуін қамтамасыз етеді.
Менің қызым боччаға қатты қызығушылық танытты. Өйткені бұл паралимпиадалық спорт түрі, демек, спорттық мансапты дамытуға мүмкіндік бар. Айдана 15 жаста. Ол БЦП және мүгедектер арбасымен жүреді. Басқа спорт түрлері бізге мүлдем сәйкес келмейді, ал боччада БЦП ауыр түрлерімен де спортшылар ойнайды. Біздің «ерекше» балаларымыздың қарым-қатынас шеңбері кеңейеді, өзіне деген сенімділік пайда болады және өмір жаңа әсерлер мен қуанышты оқиғаларға толы болады деп үміттенеміз, - деп жаттығуларға жазылып қойған жасөспірім қыздың анасы Феруза өз ойымен бөлісті.
Секциялар бас серіктес «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының, «KMG EP-Catering», «Өзенмұнайгаз» қолдауымен және Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Мир равных возможностей» ҚҚ іске асыратын «Саламатты болашақ» жобасы шеңберінде ашылды.
Біздің мақсатымыз - денсаулығы немесе психикалық дамуы бұзылған балалардың қоғаммен араласуы үшін жағдай жасау. Спорт ерекше балаларды ынталандырады және оларға жеңіс қуанышы мен жеңілістің ащы дәмін сезінуге мүмкіндік береді. Ал норматипті балаларға мейірімділікті, түсіністік пен толерантты қарым-қатынасты дарытуға көмектеседі, - дейді «Саламатты болашақ» жобасының жетекшісі, «Мир равных возможностей» ҚҚ директоры Нұргүл Ұлжекова.
Әлеуметтік жоба жыл сайын танымал болып келеді. Бүгінгі таңда ол 700-ден астам баланы қамтыды. Балалар жүйелі түрде әр түрлі жарыстарға жергілікті және халықаралық деңгейде қатысады. Жоба аясында спорттың 10 түрі насихатталады.
«Саламатты болашақ» жобасы аясында осы айда біз Атырау мен Өскеменде аталған спорт секцияларды ашамыз, содан кейін жоба жұмыс істейтін қалалар саны 15-ке дейін өседі. Айта кету керек, секциялардың құрылуы арқасында біз 68 қазақстандықты жұмысқа орналастырдық, олардың үшеуі – мүмкіндігі шектеулі адамдар, ал сегізі – «ерекше» балалардың ата-аналары. Бұл жобаны іске асыруға 2018 жылдан бастап біздің Қор 170 млн теңгеден астам қаражат бөлді, - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» жобалық басқару департаменті директорының орынбасары Ирина Дүйсенеева.
Жобаны іске асыру үшін Жаңаөзенде жергілікті кадрлар адаптивті дене шынықтыру бойынша тегін оқудан өтеді, оқу-әдістемелік сүйемелдеу мен арнайы спорттық құрал-жабдықтар алады.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «ерекше» балаларды ертең оңалту бойынша тапсырма берген болатын.