Жаңаөзенде мұнай өнімдерін төккен компанияға 648 мың теңге айыппұл салынды
Ластанған аумақта тазарту жұмыстары жүргізіліп, 100 келі мұнаймен ластанған топырақ жиналып, мұнай қалдықтарын қабылдайтын мамандандырылған полигонға жөнелтілді.
Жаңаөзенде жер учаскесін мұнай өнімдерімен ластағаны үшін «Мұнайспецснаб LTD» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Экология департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 22 маусымда Жаңаөзен қалалық полиция басқармасынан жердің мұнай өнімдерімен ластанғаны туралы ақпарат түскен. Алдын ала дерек бойынша, төгінді «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қызмет көрсететін «Мұнайспецснаб LTD» ЖШС қызметі барысында болған.
Тексеру нәтижесінде топырақтың мұнай өнімдерімен ластанғаны расталды. Ластанған аумақта тазарту жұмыстары жүргізіліп, 100 келі мұнаймен ластанған топырақ жиналып, мұнай қалдықтарын қабылдайтын мамандандырылған полигонға жөнелтілді.
Экология департаментінің мәліметінше, компания Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 337-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 648 мың теңге айыппұл салынды.