Жаңаөзенде қант зауыты іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Жаңаөзен қаласында бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандар ашылды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов және бір топ қоғам белсенділері қатысты. 

Жиында сөз алған аймақ басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтады. Мерейлі мейрам қарсаңында өз жұмысын бастап, жаңадан іске қосылған өндіріс орны - қант шығаратын зауыты.

Қаланың өндірістік аумағында орналасқан «ORDA" ЖШС-і жылына 3600 тонна қант шығаруды жоспарлап отыр. Бұл облыстағы сұраныстың 30% астамын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорында Жаңаөзеннің 42 азаматы еңбек ететін болады - деді, мекеме басшылары. 

Мұнан соң облыс әкімі дәрігерлерге арналған мемориалды ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне арналған стелла демеушілердің есебінен тұрғызылған. Еске алу қабырғасының бір бұрышы жаз айында коронавирус инфекциясынан қайтыс болған Жаңаөзен қаласы көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Мұрат Серыевтің есімі жазылған. 

Әріптесіміз Мұрат Жарылғапұлы ел басына түскен қиын кезеңде соңғы уақытқа дейін азаматтардың өмірі үшін күресіп, өз мамандығына деген адалдығын көрсетті. Нағыз ақ халатты, абзал жандарға тән ерлік көрсете білді. Оның абыройлы еңбегі мәңгі ел есінде қалады - деп еске алды шарада сөз алған Серікбай Трұмов.

Жиын соңында өңір басшысы жаңаөзендік  дәргерлерге су жаңа 10 жедел және шұғыл медициналық жәрдем автокөліктерін табыстады. 

Мереке күні өз жұмысын бастаған тағы бір медициналық мекеме көпбейінді қалалық ауруханаға қарасты полимеразды тізбекті реакция (ПТР)  зертханасы. Нысан 2 гектардан астам жерді алып жатыр. Оның ішінде: ғимарат - 1 000 шаршы метр, құрылыс көлемі - 7 000 шаршы көлемдіқұрайды. Зертхана 14 бөлмеден тұрады. 

Енді Жаңаөзен қаласының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында вирусологиялық зертханасы ПТР сынамаларын тексеруді дәл осы орталықта жүргізетін болады. 

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған жұмыс тобы көпсалалы «Neiron-Med» медициналық орталығын ашылуына қатысты. Күрделі жөндеуден өткен мекеме Медициналық құрал-жабдықтармен және жиһазбен толық қамтылды. Жер көлемінің аумағы 1 гектарға жуық. Оның ішінде: ғимарат – 1 325шаршы метр болса, құрылыс көлемі – 10 000шаршы көлем. Ғимарат 2 қабаттан тұрады. 1 қабатта 41 бөлме мен 1 конференц зал,  2 анықтама бөлімі орналасса, 2 қабатта 46 бөлме бар.

Жаңа клиникада 120 адам еңбек етеді. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында жақында ғана жөндеуден өткен провизорлық стационардың және  «Мұнайшы» мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. Биыл жұмыспен қамту жол картасыбағдарламасы аясында  аталған мекемелердің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген болатын. Серікбай Трұмов мұнда да қызметкерлермен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. 

Облыс әкімі Жаңаөзен қаласындағы сапар соңында  "ҚазГӨЗ" қуатын арттыруға қажетті электрэнергиясын өндіретін кәсіпорынның іске қосылу рәсіміне қатысты. Құны 5,4 млрд теңге  болатын жоба 50 адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы