17 Қараша 2026, 09:12 Фото: видеодан скриншот

Жаңаөзенде екі көлік соқтығысып, 4 адам зардап шекті

Одан кейін көліктердің бірі бағанаға соғылып, бағана автомобильдің үстіне құлаған.

Жаңаөзенде жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам зардап шекті. Олар қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Ақсу шағынауданында болған. Онда Toyota Camry және Daewoo Nexia автокөліктері соқтығысқан.

Соққының екпінімен көліктердің бірі шетке шығып кетіп, бағанаға соғылған. Соққыға шыдамаған бағана автомобильдің үстіне құлап, оған айтарлықтай зақым келтірген.

Зардап шеккен төрт адамның барлығы түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.

Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, апаттың себептері мен мән-жайы анықталуда.

Сондай-ақ полиция әлеуметтік желілерде тараған «оқиғаға үш автокөлік қатысты» деген ақпаратты жоққа шығарды.