Жаңаөзенде бірқатар әлеуметтік нысан салынады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңаөзенге жасаған жұмыс сапарының соңында облыс әкімі қала активімен кездесіп, қала аумағын дамыту бойынша ұсыныс-пікірлерін тыңдады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиынға ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, облыс әкіміне сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Жиын барысында Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров 10 айдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндама жасады.
Мақсат Ибағаровтың айтуынша, жуырда қабылданған Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Жаңаөзен қаласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылады.
Облыс басшылығы басты мақсат етіп қойған ауыз су мәселесін шешу бағытында Кендірлі аймағынан теңіз суын тұшытатын зауыт салынады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін тәулігіне 50 мың текше метр ауыз су өндіреді деп жоспарланған. Арматура, құрылыс бұйымдарын шығаратын зауыт жобасы да жасалуда.
Кешенді жоспар аясында бюджет саласы қызметкерлеріне арналған 180 орындық жатақхана, кітапханасы бар жастар сарайы, әмбебап спорт кешендері, драма театры және қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында мұз айдыны бар кешен бой көтермек. Қалалық автобус паркін жаңарту да көзделіп отыр.
Аталған жобалардың жүзеге асуы жүздеген жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласының 200-ден астам тұрғынын бизнес негіздері бойынша оқыту қарастырылған.
Облыс әкімі Президент тапсырмасы бойынша Үкімет қабылдаған кешенді жоспар жаңаөзендіктердің өмір сүру сапасын жақсартуға арналғанын атап өтті.
Кезінде 16 мың тұрғыны бар Жаңаөзен бүгінде 160 мың халқы бар үлкен қалаға айналды. Елбасының бағдарламалық мақалаларында әрбір қала мен елді мекен тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін жағдай жасау міндеті көрсетілген. Бұл мақсаттар Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында да белгіленген. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына келген сапарында Үкіметке пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді. Соның негізінде әрқайсымыз өз лауазымдық міндеттеріміздің аясында өңірді дамытуға күш салуымыз керек, - деді Нұрлан Ноғаев.
Жиналысты қорытындылай келе Нұрлан Ноғаев халықтың барлық ұсыныстары мен сұраныстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан жинақталып, пысықталатынын атап өтті.