Жаңаөзенде «Біліміміз - елімізге» атты волонтерлік жоба өтті
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында “Біліміміз - елімізге” атты волонтерлік жоба аясында халықаралық деңгейдегі мамандар тегін медициналық және кәсіпкерлік кеңес берді. Бұл жоба “Болашақ” халықаралық стипендиясы түлектері Қауымдастығының Алматы бөлімшесінің ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңаөзен сияқты шалғайда орналасқан қалалар үшін халықтың медициналық қызметке қолжетімділігі шектеулі болуы мүмкін. Осы жоба аясында әлемнің үздік университеттерінде білім алған жоғары білікті мамандардың келуі жергілікті тұрғындар үшін бірегей мүмкіндік болды.
Тегін консультациялар мен кеңестер халықтың денсаулығын жақсартуға, ауруларды ерте анықтауға және алдын алуға, сондай-ақ сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік берді.
Екі күн ішінде 170-тен астам адам медициналық көмек алды. Әрбір маман өз бағыты бойынша тереңдетілген кеңес беріп, көптеген науқастардың диагнозын анықтауға және емдеу жоспарын жасауға көмектесті. Мамандардың кеңесі арқасында көптеген адам сапалы медициналық көмекке қол жеткізді.
Кәсіпкерлік бағыттағы кеңестер де маңызды болды. Жергілікті кәсіпкерлер мен жастар өз бизнестерін дамытуға, жаңа идеялар табуға және табысты болуға қажетті білім мен мотивация алды.
Бұл жоба тек қана медициналық немесе кәсіпкерлік көмек көрсетумен шектелмейді. Ол сонымен қатар өңірдің дамуына, білім беруге және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған. “Болашақ” түлектерінің өз білімдерімен және тәжірибелерімен бөлісуі өскелең ұрпаққа үлгі болып, оларды да сапалы білім алуға және елге қызмет етуге шақырады.
Іс-шараға аритмолог, онколог-гинеколог, инфекционист, эпидемиолог, эндокринолог, кардиохирург, кардиолог, оториноларинголог, мамолог, психолог, нефролог, аллерголог сияқты әлемнің үздік университеттерінде білім алған 12 жоғары санатты медицина маманы қатысты.