Жаңаөзенде алғашқы эко-бекет пайда болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңаөзенде алғашқы эко-бекет пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Маңғыстаулық тұрғындар енді көшеде жатқан тұрмыстық қалдықтарды жинап, осында тапсыра алады. Бұл жерде картон-қағаздардың 1 келісіне - 20, алюминий құтылардың 1 келісіне 80 теңгеден төленеді. Пластик қалталарды көптеп жинап әкелген адам да табыс табады. Осылайша, эко-бекет күніне кемі 1 тонна түрлі қалдықтарды қабылдап жатыр. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне орай биыл 90 орында жасанды кедергінің қойылуы қала халқын қуантып отыр.Эко-бекетке тұрмыстық қалдықтарды көбіне-көп мектеп жасындағы балалар әкеледі екен.
Жүрген жерін ластап, қоқыстарды шашудың орнына жиып-теріп, бізге тапсыруға ынтасы қуантады. Бір жағынан жеткіншектер өз бетімен табыс тауып, қажетті затын сатып алуға үйренеді, – дейді жоба авторы.
Эко-бекет басшысы полигонға тасталатын қоқыстардың көлемі жылдан-жылға қысқарады дейді.
1 айдың ішінде 15 тонна жинадық. Оның ішінде 50%-ы қағаз коробкалар, 37%-ы пластик, 13%-дай алюминий банкалар жиналды. Утилизациялық зауыттарымыз бар. Соларға әрі қарай келісімшартпен тасымалдаймыз, – дейді эко-бекет басшысы Бекжан Тұрсынмағанбетов.
Тағы бір қуантарлығы, Жаңаөзенде жаяу жүргінші жолдарында жасанды кедергінің жоқтығы мәселесі шешіле бастады. Соңғы уақытта түнгі мезгілде жолда адам қағу дерегі көбейіп кеткен еді. Биыл 90 орында кедергілер қою және 500-ге тарта жол белгілерін жаңартуға қала бюджетінен қаржы бөлінді.
Кедергілердің басым көпшілігі мектептер мен балабақшалардың жанындағы автокөлік жолдарында орнатылды. Бүлдіршіндер мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында. Сонымен қатар, 135 дана жол белгілері жаңартылды. Кезең-кезеңімен бұл жұмыстар жүргізілуде, – дейді «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бас маманы Нұрбек Батырбаев.Сондай-ақ қаладағы 32 орында жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам қойылды. Автокөлік жиі жүретін үш көшеде жол кептелісін болдырмау үшін қосымша 5 данадан жарықпен белгі беру құралы орнатылды.
Мұндай жұмыстар Жаңаөзенге қарасты Кендірлі, Рахат пен Теңге ауылында да жалғасып жатыр екен.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Аш қарынға жеуге болмайтын тағамдар
Келесі жаңалық
Исландияда жанартау атқылады
Өзгелердің жаңалығы