Жаңаөзенде әлеуметтік осал топтарына жататын 193 тұрғынның тізімі жасақталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңаөзенде жұмысқа орналастыру мәселесі жөніндегі комиссия жанынан құралған Халықтық бақылау тобы үміткерлерді тексеруде. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңаөзен қаласында халықты жұмысқа орналастыру мәселесі жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.
Комиссия осы жылдың 8 ақпанында Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылғаны белгілі.
Жақын арада қолданыстағы алгоритм негізінде жұмыспен қамту орталығында 5 санат бойынша кезекте тұрған 150 азаматты және әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындарды «Өзенмұнайгаз» АҚ сервистік қызмет көрсету мекемелерінде жаңадан құрылатын 150 жұмыс орнына орналастыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту бөлімінің «Жұмыс жасаймын» бағдарламасына сәйкес, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері қосымша 50 жұмыс орнын ашады. Осы мақсатта облыстық комиссия мүшелері «Korkem alem», «Өзен склад», «Asemade» ЖШС-не барып, жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндіктерін қарастырды.
14 ақпанда жұмыссыз азаматтардың қатарынан жұмысқа мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үміткерлерді анықтайтын халықтық бақылау тобы құрылды.
Бүгінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 193 тұрғынның тізімі жасақталды. Халықтық бақылау тобы жұмысқа орналасуға ниетті 78 үміткердің қаржылық-материалдық жағдайын тексерді. Қалған жұмыссыздардың әлеуметтік жағдайы жақын арада зерделенетін болады.