Жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр. Бектенов әкімдерді сынады
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов асфальттың сапасы нашар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына қарай республикалық жолдардың барлығын нормативтік жағдайға келтіруді тапсырғанын еске салды.
Қазіргі таңда күре жолдарды күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл бірқатар ірі жоба аяқталуға тиісті. Бұлар – «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» және «Талдықорған – Өскемен» жобалары, - деді Бектенов отырыста.
Ол атап өткендей, шамамен 2,5 мың шақырым республикалық жолдарда жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Бұған қоса, жаңа жобаларды да уақтылы дайындап, қамтамасыз ету қажет. Бірінші кезекте, жер учаскелерін алдын ала резервке қою керек. Жобалардың іске асырылуы алдымен осыған байланысты, - деп түсіндірді Премьер-министр.
Олжас Бектенов өзекті проблеманың бірі – қаржыландыру екеніне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, кейбір өңірлерде жалпы сипаттағы трансферттерді игеру қарқыны төмен.
Мысалы, мұндай проблемалар Ақтөбе, Түркістан және Ұлытау облыстарында бар. Тағы бір мәселе – жобаларды іске асыру мерзімдерінің мүлтіксіз сақталуы. Бұл әсіресе, солтүстік және шығыс өңірлер үшін маңызды. Өйткені, оларда құрылыс маусымы қысқа. Сондықтан қарқынды төмендетпеу үшін қажетті шаралардың барлығын дер кезінде қабылдау керек, - дейді ол.
Бектеновтің сөзінше, жолдардың жағдайына қатысты айтылып жатқан арыз-шағымдар азаймай отыр.
Олардың негізгі бөлігі жергілікті жолдарға қатысты. Мұндай мысалдар көп. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті – жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр. Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Ал әкімдіктер қайда, неліктен күнделікті сапалы бақылау жүргізілмей жатыр? – деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов жол сапасын сынап.
Үкімет басшысы бірінші кезекте тұрғындардың шағымдарына дер кезінде назар аудару керегіне тоқталды. Сонымен қатар жол құрылысы кезінде жемқорлық тәуекелдерін азайту жұмыстарын да күшейту керек.
Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы жақында арнайы тапсырма берген болатын. Жол инфрақұрылымын дамыту мәселесін жоғары сапаны қамтамасыз ете отырып, кешенді түрде шешу қажет. Жалпы, Көлік министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, қолданыстағы жол-құрылысы жобаларының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуі керек, - деді ол.