Жанабыловтың әйеліне қатысты істі қылмыстық бапқа ауыстыру ұсынылды
Астанада блогер Ерболат Жанабыловтың жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қаралды. Сот процесінде Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесін реттеу комитетінің өкілі Балтатегі Әбдел істі әкімшілік құқықбұзушылықтан қылмыстық санатқа ауыстыруды ұсынды, деп хабарлайды тілшіміз.
Оның айтуынша, әкімшілік іс аясында Төлегенованың қызметіне байланысты бірқатар маңызды сұраққа жауап беру мүмкін емес.
Мысалы, Zhana Business курстарының нақты құндылығы қандай? Бұл курстардың бағасы қанша? Қандай да бір қауымдастық бар ма? Неге ұтыс жеңімпазын лототрон арқылы емес, автоматтандырылған бағдарлама анықтады? Сол бағдарламаның алгоритмі қандай? – деп атап өтті комитет өкілі.
Балтатегі Әбделдің пікірінше, бұл мәселелер әкімшілік шеңберден шығып, қылмыстық жауапкершілікке жататын әрекеттерге нұсқайды.
Төлегенованың іс-әрекеттерінде алаяқтық немесе заңсыз кәсіпкерлікке тән белгілер бар, – деді ол.
Осыған байланысты комитет ҚӘҚБтК-нің 445-1-бабы бойынша әкімшілік істі тоқтатып, материалдарды қылмыстық істер жөніндегі органдарға беруді сұрады. Айып тағылуы мүмкін баптар – Қылмыстық кодекстің 214-бабы (“Заңсыз кәсіпкерлік”) және 190-бабы (“Алаяқтық”).
Судья Ақерке Бектұрғанова шешім бүгін сағат 16:00-де жарияланатынын айтты.
Бұған дейін Эльмира Төлегенова сотта өз құқығының бұзылғанын мәлімдеді.