Жанабыловтың әйелі сыйақыларды жеке шотынан аударған

Астанада блогер Ерболат Жанабыловтың жұбайы Эльмира Төлегеноваға қарсы қозғалған іс бойынша сот тыңдауы өтіп жатыр. Бұл іс бойынша Комитеттің құмар ойын бизнесін реттеу басқармасының өкілдері сотта өз ұстанымдарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Эльмира Төлегеноваға “оператор болып табылмайтын тұлға заңсыз лотерея ұйымдастырды” деген айып тағылған. Комитет өкілі Балтатегі Әбделдің айтуынша, Төлегенованың “ұтыс ойындары – тауар сатуды ынталандырудың заңды тәсілі” деген уәжі негізсіз.

Бейнематериалдарды зерделеу барысында біз мұндай “сатуды ынталандыру” әрекеттері шын мәнінде заңсыз лотереяны жасыру құралы ретінде пайдаланылған деп санаймыз, – деді ол.

Әбделдің сөзінше, Төлегенова ойын ұтыстарын ресми корпоративтік каналдарда емес, өзінің жеке парақшасы арқылы өткізген.

Лотерея әлеуметтік желідегі жеке аккаунтында ұйымдастырылды. Бұл – заңға қайшы. Өйткені заң бойынша мұндай іс-шаралар тек ресми корпоративтік ресурстарда жүргізілуге тиіс, – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар жүлделердің берілу тәртібі де сынға ілікті. Төлегенова сыйақыларды жеке Kaspi Gold есепшотынан аударған.

Бұл шот тек жеке тұлғаларға арналған, ал заңды тұлғаларға бөлек қаржылық құралдар қарастырылған. Оның үстіне, Төлегенова мен “Zhana Business” ЖШС арасында заңды келісімдер болмаған, – деді комитет өкілі.

Сот барысында жарнамаланған курстардың мазмұны да талқыланды. Өкілдің айтуынша, оқыту бағдарламалары ресми жарияланғандай ауқымды болмаған, тек бір платформа бойынша қарапайым амалдар түсіндірілген.

Мұндай курстар интернетте еркін қолжетімді және тегін, – деді Әбдел.

Азаматтардың шағымдары 26 тамызда құрастырылған хаттамадан кейін комитетке қосымша сегіз азамат шағым жолдаған. Олар Төлегенова мен Жанабыловтың әрекеттерін заңдылық тұрғысынан тексеруді сұраған.

Іс Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.

Еске салсақ, Адвокат бүгінгі талқылауда екі түрлі хаттама қаралатынын айтқан болатын. Блогер Жанабылов Астанада сотта қашан жауап беретіні айтылды және оның сотта неге қобалжығаны белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы