Жанабыловтардың адвокаты соттан қандай шешім күткенін айтты
Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс тоқтатылды. Сот отырысы аяқталған соң блогерлердің адвокаты Олег Чернов журналистерге сұқбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адвокаттың айтуынша, соттың істі тоқтатып, қылмыстық тергеуге жолдауы – шын мәнінде комитеттің өз қателіктерін бүркемелеуге тырысқаны сияқты әсер қалдырады.
Шынтуайтында, бұл істі әкімшілік деңгейде тоқтату жеткілікті еді. Мен өзім де соттан осындай шешім күткенмін. Себебі қорғаушы ретінде материалдарда бірқатар процессуалдық олқылықтарды байқадым. Комитет өкілдері кейде хаттаманы дұрыс толтырмайды, кейде материалды толық ұсынбайды. Осындай жағдайда кінәсіздікті дәлелдеудің де қажеті жоқ, істі тоқтату үшін жеткілікті негіз бар, – деді ол.
Оның пікірінше, істі қылмыстық өндіріске жіберу арқылы мемлекеттік орган өзін “жазадан құтқаруға” тырысып отыр.
Бұрын да ұсақ істерде сот айыпталушыны ақтап шығара алмай, мемлекеттік органды ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін материалды қайта тергеуге жіберген жағдайлар болған. Мұндай тәжірибе – қате тәжірибе. Бұл әділ сот қағидасына қайшы, – деді Чернов.
Адвокат азаматтардың құқығын қорғау мәселесіне де тоқталды.
Біз дәл осы процестің көрсетілімді болғанын қалап едік. Яғни Қазақстанда адамның құқығы сақталатынын, оған сот арқылы өзін қорғауға мүмкіндік берілетінін көрсету маңызды. Егер адамдарға таңдау қалдырылмай, “айыптысың” деп қысым жасалса, олар тек қорқыныштан кез келген айыппен келісіп, айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Бұл дұрыс емес. Әр азамат өзінің құқығын пайдаланып, сот арқылы әділдікті талап ете білуі тиіс, – деп атап өтті ол.
Черновтың сөзінше, айыппұл төлеуден бас тартқан Жанабыловтар дұрыс қадам жасады.
Егер олар келісіп, айыппұл төлей салғанда, алдағы уақытта осындай жағдай тағы қайталанса, онда барлық мүлікті тәркілеуге дейін апаратын ауыр салдары болар еді. Сондықтан істі соңына дейін жеткізіп, сот арқылы өз ұстанымын қорғау – ең дұрыс шешім, – деді адвокат.
Бұған дейін Эльмира Төлегенова сотта өз құқығының бұзылғанын мәлімдеді.