Жанабыловтардан қандай мүлік тәркіленеді?
Блогерлерден тәркіленген мүлік мемлекетке өтетін болды.
Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты үкім жариялау кезінде сот бұрын шектеуге (арест) алынған мүлік бойынша алдын ала айтылған ұстанымды өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот шешімімен мүліктің бір бөлігі тәркіленіп, мемлекет кірісіне өткізілетін болды.
Атап айтқанда, қылмыстық іс материалдарында көрсетілген iPhone ұялы телефондары мен Hyundai Elantra автокөліктері сөз болып отыр.
* 17 iPhone телефоны тәркіленеді
* 10 Hyundai Elantra автокөлігін де тәркілеу көзделген
Сонымен қатар, үкім заңды күшіне енгеннен кейін мүліктің бір бөлігіне қойылған шектеулер алынады.
Атап айтқанда, Lamborghini Urus және Lexus RX 600 автокөліктері барлық процессуалдық рәсімдер аяқталған соң иелеріне қайтарылады.
Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге апелляция берілген болатын.
Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.
Блогер Жанабылов пен Төлегеноваға сот үкімі шықты.