Бүгiн 2026, 16:20 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты

Сот ісінде тағы бір көлікке қатысты мәселе көтерілді.

Жанабыловтар ісі бойынша сот отырысында Subaru автокөлігінің бар-жоғына қатысты айыптау тарапы мен қорғаушылар арасында дау туды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Прокурордың мәлімдеуінше, бұл көлік мүлде болмаған, ал қорғау тарапы керісінше, автокөлік болғанын, бірақ оның негізгі ұтыс ойынына қатысы болмағанын алға тартты.

Айыптау тарапы іс материалдарында аталған автокөліктің бар екенін растайтын ешқандай дәлел жоқ екенін айтты. Прокурор Олжас Хайруллаевтың сөзінше, бұл жағдай ұтыс ойыны туралы мәлімдемелерге күмән келтіріп, қатысушыларды жаңылыстыруы мүмкін.

Қылмыстық іс материалдарында бұл автокөлікке қатысты мәліметтер жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы оның нақты болғанын анықтаған жоқ. Сондықтан оның шынымен де ұтысқа тігілгенін айтуға негіз жоқ, – деді прокурор сотта.

Бұған жауап ретінде айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова көліктің шын мәнінде болғанын, алайда оның негізгі ұтыс ойынына кірмегенін және басқа форматта ұсынылғанын мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, бастапқыда ұтыс ойынында он автокөлік болған, ал дауға себеп болған бұл көлік одан бөлек қарастырылған.

Тергеу бұл көліктің бар-жоғын анықтауға тіпті талпынбаған. Егер іс материалдарында бұл туралы мәлімет болмаса, бұл – тергеу органының олқылығы. Менің қорғауымдағы азаматтар өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, – деді ол.

Айтжанованың сөзінше, әңгіме он бірінші автокөлік туралы болып отыр. Бұл көлік курс қатысушылары арасында ойнатылған сыйлықтардың қатарына кірмеген және өзге шарттармен ұсынылған.

Бұл автокөлік негізгі ұтыс ойынына қатысы жоқ. Негізгі ұтыста он көлік болған. Ал бұл көлік жеке белсенділік аясында, яғни ең көп репост жасаған қатысушыларға арналған ынталандыру сыйлығы ретінде қарастырылған. Бұл лотереяға қатысы жоқ, мүлде бөлек форматтағы марапат болды, – деп түсіндірді қорғау тарапы.

Сонымен қатар адвокат бұл автокөліктің айыпталушылардың атына рәсімделмегенін айтып, бұл оның мүлде болмағанын білдірмейтінін атап өтті.

Қазіргі уақытта сот істі қарауды жалғастырып жатыр.

Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.

Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық.

Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Сондай-ақ, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды. Сот процесінде алғашқы куәгерден жауап алынды. Жүлде ұтысын өткізуге арналған сайтты әзірлеген ІТ-маман Сұңғат Өтеболатов жауап берді.

18 наурыздағы сот отырысы барысында Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова 16 наурыздағы процестен кейін мемлекеттік айыптаушының жария түрде айтқан пікірлеріне байланысты оған ескерту жасау жөнінде өтініш білдірді.