Жанабыловтар ісі: Сотта айыпталушы даулы мәлімдеме жасады
Айыпталушы сотта куәгер арқылы тергеуші тарапынан ақша талап етілгенін мәлімдеді.
Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот отырысының кезекті отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот отырысында айыпталушы Эльмира Төлегенова істегі куәгер ретінде өтіп жатқан IT-маман Сұңғат Өтеболатов тергеу қысымынан кейін айыпталушылардан ақша сұрағанын мәлімдеді.
Сұңғат Өтеболатов бізден 15 миллион теңге қарыз сұрады. Оның айтуынша, тергеуші Әлімханов одан ақша талап еткен, – деді Төлегенова соттағы жауабында.
Оның сөзінше, бұл мәселе Өтеболатов пен тергеуші арасында бейресми түрде талқыланған. Сонымен қатар тергеу тарапынан қаражат беру туралы жанама ишаралар болғанын да алға тартты.
Сондай-ақ Төлегенова бұған дейін сараптама жүргізу үшін “сәттілік барабаны” жүйесіне сарапшыға қолжетімділік бергенін айтты. Іс материалдарына сәйкес, сараптама нәтижесінде жүйеге сырттан физикалық араласу мүмкіндігі жоқ екені анықталған.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Тараптар өз ұстанымдарын білдіріп, іс бойынша түсініктеме беруде.
Іс туралы не белгілі?
Еске салайық, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс әлеуметтік желілер арқылы автокөлік, ақша және өзге де сыйлықтарды ойнатуға байланысты.
Қатысу үшін қолданушылардан шамамен 30 мың теңге көлемінде “оқыту курстары” үшін төлем жасау талап етілген. Осыдан кейін олар ұтыс ойындарына қатысуға мүмкіндік алған.
Тергеу дерегінше, айыпталушылар өздерінің танымалдылығы мен аудитория сенімін пайдаланып, ақылы өнімдер мен қызметтерге адамдарды тартқан.
Бұған дейін олардың қызметі лотереяны оператор мәртебесінсіз өткізгені үшін әкімшілік тәртіпте қаралған. Қазіргі таңда іс ашық режимде сотта қаралып жатыр, куәгерлерден жауап алынып, материалдар зерттеліп жатыр.