Жанабыловтар ісі: Халыққа курс сатқан тағы бір танымал блогер сотта жауап берді
Елордада айыпталушы блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы басталды.
Елордада айыпталушы блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы басталды. Сот процесінде блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты - justking31) куәлік етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотта блогер Нұрбек Нұртаза Жанабыловтармен шамамен 2017 жылдан бері таныс екенін айтты.
Нұрбек Нұртаза 2025 жылы жазда “Қытаймен бизнес оқыту” курсын сатқан. Курсты сатқанда ұтыс өткізген.
Оқыту курстарының мазмұнын сарапшымыз Әсет Ақбар құрастырды. Ол спикеріміз болды. Мен блогер, инфлюенсермін. Яғни бұл біздің курстарымыз болғандықтан, оларды сатумен айналыстым, – деді блогер.
Сот отырысында аға прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаев Нұртазадан ұтысты қалай өткізгенін сұрады.
Біз алғаш рет өткізіп көрдік. Бізде “ғажайыптар алаңы” (“поле чудес”) болды. Курсты сатып алған әр қатысушы оны айналдырып, ұтысқа қатыса алды. Оны біздің IT маманымыз Сұңғат Өтеболатов жасады, – деді куә.
Еске сала кетсек, Жанабыловтар өткізген курстың “сәттілік барабаны” лотереясын да дәл осы IT-маман жасаған.
Сөзінше, бұл курста ұйымдастырушылар қытай платформаларына қалай тіркелуден бастап, тауар сатып алуға дейінгі процестерді үйреткен.
Біз ең танымал маркетплейстерді үйреттік. Олар – Alibaba, Pinduoduo, 1688. Жалпы Қытаймен бизнеске қатысты курстардың базасы ұқсас болады. Барлығында WeChat-ке тіркелу, маркетплейстерден тапсырыс беру, әмиянды толтыру секілді ортақ дүниелер бар, – деді ол.
Алайда куә айыпталушылардың нақты оқу курсын өзі көрмегенін және оның мазмұнымен жеке таныспағанын айтты.
Мен олардың курсын көрген жоқпын. Сондықтан нақты салыстырып, пайызын өзім айта алмаймын. Бұл – тек біздің сарапшы Әсет Ақбардың сөзінен білгенім, – деді Нұртаза.
Оның айтуынша, екі курс арасындағы ұқсастық туралы пікірді ол Әсет Ақбардан естіген. Себебі аталған сарапшы екі тараппен де жұмыс істеген.
Әсет Ақбар бізде де, оларда да спикер болды. Мен тек соның сөзіне сүйеніп отырмын. Жалпы Қытаймен бизнеске арналған кез келген курс бір-біріне ұқсас келеді, – деді куә.
Сот барысында Нұртаза өздері өткізген ұтыс ойындары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын да жасырмады.
Иә, ұтыс ойындары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылдық. Бізге мұндай әрекетке баруға болмайтыны жайлы хабарлама келгеннен кейін қызметімізді тоқтаттық, – деді ол.
Оның сөзінше, олар бастапқыда сатуды ынталандыратын мұндай ұтыс ойындарының заң бойынша лотерея ретінде бағалануы мүмкін екенін білмеген.
Біз оны білмедік. Кейін ғана мұндай дүниелерді өткізуге болмайтынын түсіндік, – деді блогер.
Сотта куәден тергеу кезінде қысым көрсетілді ме деген де сұралды. Ол өз жауабында:
Жоқ, маған ешқандай қысым болған жоқ, – деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ ол айыпталушылар өткізген ұтыс ойындарын әлеуметтік желіден көргенін айтты.
Оларда да оқыту, ұтыс ойындары болғанын әлеуметтік желі арқылы көрдім. Менің білуімше, ол бізден кейін өтті, – деді куә.
Сот отырысында тараптар курстар арасындағы ұқсастық, ұтыс ойындарын ұйымдастыру тәртібі және олардың заңдылығы төңірегінде сұрақтар қойды. Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.
Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.
Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық.
Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды.
Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды. Сот процесінде алғашқы куәгерден жауап алынды. Жүлде ұтысын өткізуге арналған сайтты әзірлеген ІТ-маман Сұңғат Өтеболатов жауап берді.
18 наурыздағы сот отырысы барысында Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова 16 наурыздағы процестен кейін мемлекеттік айыптаушының жария түрде айтқан пікірлеріне байланысты оған ескерту жасау жөнінде өтініш білдірді.