Жаңаарқада бір сәтте 500 табақ ет тартылып, рекорд тіркелді

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында қайырымдылық іс-шарасы аясында тағы бір рекорд жаңарды. Халық алдында 500 табақ мүшеленген ет тартылып, мұқтаж отбасылар мен мекемелерге таратылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайырымдылық шарасы аясында Жаңаарқа өңіріндегі шаруа қожалығының иесі Қайрат Советұлы бір үйір жылқысын сойып, жария зекет берген.

500 табақта шамамен 4,5 тонна ет таратылған. Бұл мол ет Жезқазған қаласының облыстық балалар үйіне, Маруа Құлышева атындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына, Ұлытау облыстық Ана үйіне, Ұлытау облысының арнаулы әлеуметтік қызметтер қолдау орталығына, тұрмыстық зорлық құрбандарын әлеуметтік психологиялық қолдау орталығына, Қарағандыдағы медреселер мен Жаңаарқа ауданындағы колледж студенттеріне үлестірілді. Мұнымен қоса, аудандағы 300-ге жуық әлеуметтік тізімдегі отбасыларға да берілген.

Рекордқа 500 табақ еттің енгенін мәлімдеген ресми өкіл Бақытжан Сәбитұлы жоба демеушісі Қайрат Көпбаев пен Қайсар Амангелдіұлына сертификат пен арнайы сыйлық табыстады. Мұнымен қоса, әлеуметтік орталықтың басшылары жобаның демеушісіне, ұйымдастырушысына Алғыс хаттарын тарту етті.

Бұрын соңды қазақ даласында мұндай көлемде табақ тартылып, қайырымдылыққа тарту етілмеген еді. Жаңашыл Жаңаарқа азаматтары тағы да рекорд жаңартты, - дейді Бақытжан Сәбитұлы.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында бірегей 500 шапан тігіліп, тағы да рекорд жаңарған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы