Жаңа жылға сыйлық: Тұрғындар таңдауы

Жаңа жыл жақындап қалды. Қазақстандықтардың барлығы сауда дүкендерін аралап, жақындарына сыйлық алып жатыр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі мереке қарсаңындағы ең танымал сыйлықтарға шолу жасады.

Қарапайым күндері кептеліс болатын Алматының көшелерінде жүру тіпті қиындады. Адамдардың барлығы лайықты сыйлық іздеп әртүрлі жәрмеңкелер мен дүкендерді аралап жүр. Олардың арасында дайын жаңажылдық box-терді көзіңіз шалған болар. Тұрғындардың көпшілігінің бағасы арзан, қалтаға да қонымды, кішігірім заттарды бір құтыға үйлестіргенін көруге болады. Осы ретте мамандар қаптаманың түпнұсқалығы мен жарықтығына емес, оның мазмұнына назар аудару керектігін айтады.

Жаңажылдық сыйлықтарды ұйымдастырылған сауда орындарынан - дүкендер, супермаркеттер, бөлшек және көтерме сауда базарларынан алыңыз. Сыйлықты сатып алғанда, ең алдымен, қаптаманың түпнұсқалығы мен жарықтығына емес, оның мазмұнына назар аудару керек. Жиынтықтарды таңдағанда, тәттілердің құрамында дәм мен хош иісті күшейткіштер, консерванттар (E200, E202, E210, E249), синтетикалық бояғыштар, табиғи секілді хош иістендіргіштер, гидрленген майлар мен тоң майлар, сондай-ақ табиғи кофе болмауы керек екенін білу қажет. Табиғи бояғыштар мен хош иістендіргіштер құрамына рұқсат етіледі. Сонымен қатар, балалар арасында ішек ауруларының пайда болу факторлары болатын кремді кондитерлік өнімдер сияқты тез бұзылатын өнімдерді жаңажылдық сыйлықтарда қолдануға тыйым салынады,- дейді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова.

Ал жаңажылдық сыйлықты әзірлейтін мамандар бағаға емес, сапа мен санына қарау керектігін атап өтті. Себебі арзан заттардан жинақталған дүниелер сыйлаған адамыңа ұнамай қалуы мүмкін дейді.

Жаңа жылда сыйлық беретін адамдардың қатары артады. Сол себептен қалтаға қиындық түсері сөзсіз. Дегенмен сапаға мән беру керек. Жақындарыңызды қуантып қана қоймай, оған пайдасын тигізер дүниелерді алған дұрыс. Дегенмен біз айналасы 3-5 мың аралығындағы сыйлық жиынтығын әзірлейміз. Қораптың ішіне бет бояғыштар мен блокнот, тәттілерді саламыз. Сатып алушылар бағаның төмендігіне, көп зат сатып алғанына қуанады. Біздің жұмысымыз сатып алушыларды қуанту болғандықтан, қалауындағы затты сатып алу маңызды. Себебі біздің талғамымызға сүйеніп, кейін ұнамағанын айтып шағымданатындар да бар. Сол себептен сертификат сыйлап, адамның өзі қалаған затты сатып алуды өз еркіне қалдырған дұрыс болар. Бірақ біреуге сыйлық берерде ең маңыздысы оны қуанту екенін ұмытпаған жөн, - дейді Жұпаргүл Асанбекқызы есімді саудагер.

Әр адам жаңа жылда алдына жаңа жоспар, жаңа мақсат қояды. Сондықтан бұл мереке күні шағын сыйлық бергенді дұрыс көреді.

Жаңа жыл - бір сәт артқа қарап, 12 ай ішінде атқарған істеріңді қорытындылайтын, ой түйіндейтін уақыт. Және жыл басында әр адам жаңа жоспар, жаңа мақсат қояды. Сондықтан бұл мереке күні шағын сыйлық ретінде әдемі қаламы бар блокнот берген дұрыс болар деп ойлаймын. Сондай-ақ белгілі бір кітап, киім дүкендерінен сертификат сыйлауға да болады. Сонда алған адам өзіне шын керек дүниесін таңдап алады. Не десек те, сыйлықта тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бастысы, шын жүректен, жылы лебізбен берсе болғаны. Өзім дүкеннен емес, қолдан жасалған сыйлық алсам, тіпті қуанар едім, - дейді қала тұрғыны Дос Орынбекұлы. 

Осы ретте Жаңа жылда сыйлауға болатын топ 10 затты назарларыңызға ұсынамыз! 

1. Армандар картасы. Себебі алдағы жылда алдына қойған арман мақсатын орындауға себеп болары сөзсіз.
2. Жылы бас киім мен қолғап. Бас киім мен қолғап көптік етпейді. Дегенмен бұл заттарды сатып аларда адамның талғамы маңызды. Себебі біреуге ұнаған түс енді біріне ұнамай қалары анық.
3. Табиғатқа немесе тауға шығуға арналған жабдық. Бұл сыйлықты алған адам алғашында тосылып қалары сөзсіз. Дегенмен табиғатқа шығарда пайдасы тиеді. Әрі пайдаланып, өз игілігіне жұмсайды. 
4. Психологиялық немесе тілдік курстар. Бұл адамның келесі жылдан бастап өсуіне пайдасын тигізіп, жылды өнімді өткізуіне себеп болары сөзсіз. 
5. Құрбыңызға немесе қызыңызға боянатын заттарды таңдай алмасаңыз, сертификат алған жөн болар. Себебі әр адамның талғамы мен таңдауы әртүрлі болады. 
6. Блокнот пен қалам. Бұл бір қарағанда қарпайым көрінгенмен, адамның келесі жылы қалай өткізерін жазып, орындауға себеп болады.
7. Ортопедиялық жастық. Қазіргі таңда мекемеде отырып жұмыс істейтіндерге бұл жастықтың пайдасы зор болары сөзсіз.
8. Сағат. Бұл сыйлықты жастар бір-біріне сыйламағаны дұрыс болар. Ел арасында “екі жастың махаббаты осы сағат тоқтағанда сөнеді” дегендей ырым бар.
9. Дінге бет бұра бастағандарға діни кітаптар мен мұсылман заттарын сатып алуға болады. Бұл адамның өз талғамына байланысты.
10. Қолдан жасалған сыйлық. Тәттілер болса да, ең бастысы, өз қолыңызбен жинақтаған кішігірім сыйлықтар да адамды қуантады. 
Сыйлық таңдарда көп ойланудың қажеті жоқ. Ол адамның ойы мен талғамын өзіңіздің қалауыңызбен байланыстырсаңыз, жақсы сыйлық жасап, қуантуға болатынын естен шығармаған жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы