Жаңа жылға 1 миллион теңге көмек кімдерге беріледі
Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы есте қаларлық даталар мен мереке күндеріне ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек туралы айтты. Оның ішінде Жаңа жылға арналған төлем бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында айтылғандай, жуырда оңтүстік астана мәслихаты тиісті шешім қабылдаған екен.
Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 73 «Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттары тізбесін айқындау ережелерін бекіту туралы» шешіміне сәйкес Біржолғы әлеуметтік көмек мереке күндеріне мұқтаж ретінде есепте тұрған көп балалы отбасыларға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жергілікті атқарушы органнан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге тұрғын үй сатып алуға миллион теңге сомасында ақшалай төлем түрінде көрсетіледі, - делінген хабарламада.
Бұл көмек мына мереке күндеріне орай беріледі:
• Жаңа жыл – 1-2 қаңтар;
• Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз;
• Наурыз мейрамы – 21-23 наурыз;
• Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – 1 мамыр;
• Астана күні – 6 шілде;
• Конституция күні – 30 тамыз;
• Республика күні – 25 қазан;
• Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік көмектің бұл түрін көрсетумен Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы айналысатынын да түсіндірді.
Мәслихаттың сол шешіміне сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілетін мереке күндерінің тізімі кеңейтілді. Оған енді 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығару күні кіреді.
Осы күннен бастап мәртебесі «Ардагерлер туралы» заңның 5-бабында белгіленген басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге 100 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі, - делінген хабарламада.