Жаңа жылдық мерекеде неден сақтану керек? – Мамандар кеңесі
Былтыр Қазақстанда жаңа жылды қарсы алу кезінде пиротехникалық құралдарды пайдалану салдарынан 63 адам, оның ішінде 20 бала зардап шеккен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылғы жаңа жылды қарсы алу кезінде пиротехникалық құралдарды пайдалану салдарынан 63 адам зардап шеккен. Олардың 12-сі, оның ішінде 5 бала, стационарға жатқызылып емделсе, 51 пациент, оның ішінде 15 бала, амбулаториялық ем қабылдаған, - деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.
Өңірлер бойынша зардап шеккендер саны келесідей:
Алматы қаласында – 19 адам, Жамбыл облысында – 11 адам, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында – әрқайсысында 6 адам, Ақтөбе облысында – 2 адам, ал Ақмола, Қызылорда, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары және Абай облысында – әрқайсысында бір адам зардап шеккен.
Зардап шеккендердің барлығына көз жарақаты, көздің мөлдір қабығының күйіктері, қолдың күйіктері мен жарақаттары диагнозы қойылған. Сондай-ақ, бір пациент ішперде қабырғасының жарақатын алған.
Мамандар азаматтарға пиротехникалық өнімдерді тек мамандандырылған сауда орындарынан сатып алуды, оларды нұсқаулыққа сәйкес пайдалануды және тұрғын үйлердің, автокөліктердің, адамдар көп жиналатын орындардың маңында қолданбауды ескертеді.
Қауіпсіздік ережелерін сақтау жарақаттардың, өрттің және өзге де жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
ІІМ, ТЖМ бұл талаптарды сақтау, әсіресе жаңа жыл мерекелері қарсаңында, жазатайым оқиғалар мен құқықбұзушылықтар қаупі артатын кезеңде аса маңызды екенін еске салады.
- Нұсқаулықты мұқият оқу;
- Отшашуды балаларға сатуға немесе қолдануға бермеу;
- Қолданған жағдайда қауіпсіз орын таңдау – ғимараттардан, көліктерден және басқа өрт қаупі бар объектілерден алыс, кемінде 50 метр радиустық ашық алаң;
- Пиротехниканы жабық орындарда қолдануға тыйым салынады;
- Күшті жел кезінде отшашуды іске қосуға болмайды;
- Петарданы адамдарға, жануарларға немесе көліктерге лақтыруға қатаң тыйым салынады;
- Фитильді жағу кезінде салюттің үстіне еңкеймеу;
- Қолданғаннан кейін отшашуды міндетті түрде сумен өшіру қажет.
Еске салайық, рұқсат етілмеген жерлерде пиротехниканы қолданғандарға 78 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.