Жаңа жылдың көрінісі: Елорда мерекеге орай қалай безендірілді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2022 жылдың басталуына бірнеше күн ғана қалды. Қазақстандықтар Барыс жылына дайындықты бастап кетті. Мерекеге орай, қалалардың сәні кіріп, шыршалар орнатылып, сырғанақ тебетін орындар ашылды.
Бүгін репортажымызда бас қаламызда қысқы демалыс күндері уақытты көңілді өткізуге болатын жерлер туралы айтамыз.
Барлығымыз білетіндей, мектеп оқушылары қысқы демалысқа шықты. Енді елордалық балалар мен қонақтары демалыстарын көңілді өткізе алады. Ол үшін елордада әр ауданда түрлі сырғанақтар мен мұз айдындары ашылды.
Биыл жаңа жылдық бас шырша ЭКСПО аумағында «Нұр әлем» павильонының жанына қойылды.
Бұл Нұр-Сұлтан қаласының ең биік жаңа жылдық шыршасы, оның биіктігі 25 метр, диаметрі 10,1 метр және құрылымның салмағы 4 048 кг.
Биыл Есіл ауданының аумағында 4 жаңа жылдық шырша орнатылды: бастысы – ЭКСПО аумағында, «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда, Достық көшесіндегі «Керуен» СОО жанында, сондай-ақ Ұлы Дала және Ақмешіт көшелерінің қиылысында.
Елордалықтардың бірі жаңа жылды туыстарымен қарсы алу үшін басқа қалаға келсе, керісінше басқа қаладан жаңа жылды астанада қарсы алуға келген қонақтар да жоқ емес.
Соның бірі – Алматы облысы, Алакөл ауданының тұрғыны Света Сейітқазинова.
Жаңа жылды ұлымызбен қарсы алу үшін жұбайым екеуіміз Нұр-Сұлтанға келдік. Жаңа жылда Қазақ елі бай болып, әр жанұяда жақсылық көп болсын! Тезірек індет кетіп, қалыпты өмірге оралсақ деп тілеймін, - деп қала қонағы тілегін білдірді.
Сонымен қатар шыршалар демеушілер есебінен және басқа жерлерде де орнатылды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, ауданда қысқы демалысты өткізу үшін 10 орын құрылған. Олардың ішінде: Орталық саябақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы музейінің жанындағы Тұңғыш Президент саябағы, ЭКСПО алаңы, Хан-Шатыр СОО, Керуен СОО, Жағалау шағын ауданы, Жасыл орам, Үркер тұрғын алабы, Пригородный тұрғын алабы және Ботаникалық бақ.
Байқоңыр ауданының аумағында осы жылы 5 мұз қалашығы жайластырылады, онда жаңа жылдық шыршалар, мұз айдындары, төбешіктер мен шағын сәулет нысандарын орнату көзделген.
«Жастар» сарайының аумағында ауданы 400 шаршы метрге жуық мұз айдыны, жасөспірімдер үшін биіктігі 6 метр болатын төбешік жабдықталды. Қалада биіктігі 15 метр болатын жаңа жылдық шырша орнатылды, оның жанында Аяз Ата мен Ақшақар, сондай-ақ Санта үйі бар. Субұрқақтар да жаңа жылдық киімдерін киеді.
Аумақта конькилер мен тюбингтерді жалға беру пунктері, сондай-ақ фудкорт жұмыс істейді. Ж. Тәшенев көшесіндегі Ататүрік атындағы саябақ 2 төбешікпен жабдықталды. Саябақта биіктігі 18 метр болатын жаңа жылдық шырша, «Снеговик» МАФ, Аяз Ата мен Ақшақардың бейнелері орнатылған.
Бұдан басқа, жаңа жылдық кейіпкерлердің мүсіндері мен шыршалары Абай даңғылындағы «Жазушылар» гүлзарында, Өндіріс, Кирпичный, Казгородок тұрғын алаптарында орнатылды.
Сондай-ақ, қала тұрғындары үшін ауданда орналасқан мектептер (№5 гимназия, №27, 34, 8, 87 ОМ) мен Кемеңгерұлы көшесі, 8, Жұбанов көшесі, 3 аулаларының аумағында 7 мұз айдыны құйылды.
Алматы ауданында «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда, Президенттік саябақтың Байтұрсынов көшесі жағында, Ақбұлақ өзенінің жағалауында, Триатлон паркте, Сарайшық шағын ауданында,Қошқарбав көшесі, 80 тұрғын үйлерінің аумағында, Железнодорожный, Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар тұрғын алаптарында орналасқан тұрғын үйлер ауданында таза ауада белсенді қысқы демалысты өткізуге және мұз төбешігінен сырғанауға болады.
Бұл қысқы демалыс алаңдарында тюбингтер мен конькилерді жалға беру ұйымдастырылған.
Сонымен қатар инвестордың қаражаты есебінен «Жерұйық» саябағында төбешік пен мұз айдыны жайластырылды.
Сарыарқа ауданында да белсенді демалыс өткізуге болады, мысалы, Есіл өзенінің жағасында Кенесары хан ескерткішінен «Серуен» көпіріне дейін 2 құламадан 5 төбешік, Бейбітшілік көшесі, 11, 189-шы көшедегі Көктал саядағында, сондай-ақ Қосшығұлұлы мен Бейсеков көшелерінің қиылысында тағы бес төбешік орнатылды. Одан бөлек, Оқжетпес пен А.Герцен көшелерінің қиылысында төбешік, ал «Демалыс променад» аумағында мұз айдыны пайда болды.
Бұл орындар сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді.
BAQ.KZ редакциясы қала тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан жаңа 2022 жылмен құттықтайды. Әр шаңыраққа береке, бірлік, табыс тілейміз! Жағымды жаңалықтар көп болсын!