Жаңа жыл түні салют атуға бола ма? ІІМ түсіндірді
Ішкі істер министрлігі Жаңа жыл түні қандай пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік туындауы мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мәселені Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов егжей-тегжейлі түсіндірді.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары үшін басты басымдық – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ең бірінші, басты міндет – қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу. Мұнда заңды тәртіп пен нөлдік төзімділік қағидаты жұмыс істеуі тиіс, – деді Санжар Әділов.
Сонымен қатар ІІМ айналадағыларға қауіп төндірмейтін ұсақ пиротехниканы қолдануда заң бұзушылық көріп отырған жоқ.
Қоғамдық тәртіпті бұзбайтын, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін шағын фейерверктерге қатысты біз ешқандай кедергі көріп отырған жоқпыз, – деп түсіндірді вице-министр.
Ол бұл қатарға бенгал оттары, хлопушкалар және қауіпті емес, қоғамдық орындарды ластамайтын төмен қуатты басқа да пиротехникалық бұйымдар кіретінін нақтылады.
Ал адамдарға, мүлікке зиян келтіруі мүмкін немесе аулалар мен көшелерді ластайтын тыйым салынған петардалар мен фейерверктерді қолдану қатаң түрде тоқтатылады.
Азаматтардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне қауіп төндіретін пиротехникалық бұйымдар бар. Сондай-ақ ашығын айтқанда, аулаларымызды ластайтындары да бар. Мұндай жағдайларда біз әкімшілік кодекстегі барлық шараны қолданамыз, – деп атап өтті Әділов Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, жауапкершілік құқық бұзушылықтың сипатына байланысты анықталады.
Онда баптардың тұтас палитрасы қарастырылған. Жасалған әрекетке қарай заң нормалары тәжірибеде қолданылады, – деп айтты Ішкі істер министрінің орынбасары.