Жаңа жыл қарсаңында мұғалімдерге қанша сыйақы төленеді

Жаңа жыл және басқа да мемлекеттік мерекелер қарсаңында мұғалімдерге берілетін сыйақылар мектептердің жылдық бюджетінен үнемделген қаражат есебінен төленеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдегендей, мемлекеттік мерекелер алдында педагогтерге сыйақы төлеу тәжірибесі әрбір білім беру ұйымының жылдық бюджетін тиімді игеруіне байланысты.

Мемлекеттік мерекелер қарсаңындағы сыйақылар әр білім беру ұйымының жылдық бюджетінде үнемделген қаражат есебінен төленеді. Бізге келіп түскен ақпаратқа сәйкес, бұл бағытта мектептерде оң үрдіс қалыптасып келеді. Әсіресе басқару формасы өзгеріп, шаруашылық жүргізу құқығын алған мектептерде жағдай жақсы. Әрбір мемлекеттік мереке қарсаңында педагогтерге белгілі бір мөлшерде сыйақы беріледі. Сыйақы тек мектеп бюджетінде үнемделген қаражат есебінен төленеді, - деді Қаныбек Жұмашев.

Комитет төрағасының сөзінше, мерекелік сыйақы төлеу әр ауданның қаржылық мүмкіндігіне тікелей байланысты. Себебі еліміздегі білім беру жүйесі басқарудың тік құрылымына негізделген.

Білім басқармаларына аудандық білім бөлімдері бағынады, ал аудандық бөлімдерге мектептер қарайды. Әр аудандық бөлімнің қаржысы жеке қалыптасады. Қазіргі таңда елімізде сегіз мыңға жуық мектеп бар, - деді Жұмашев.

Оның сөзінше, 220 аудандық білім бөлімі жыл сайын осы оқу орындарының қаржылық есептерін қабылдап, келесі жылға арналған қаржы қорларын бекітеді. Сондықтан бұл мәселе аудан немесе қала бюджетіне түсетін кірістермен тікелей байланысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы