16 Ақпан 2026, 16:42 Фото: RNZ / Nathan Mckinnon

Жаңа Зеландияда нөсер жауыннан 30 мыңнан астам үй жарықсыз қалды

Солтүстік аралда әуе, құрлық және теңіз қатынасы бұзылды.

Жаңа Зеландияның Солтүстік аралын шарпыған қатты дауыл мен нөсер жауын әуе, жер үсті және теңіз көлігінің қозғалысын қиындатып, 30 мыңнан астам үй шаруашылығында электр энергиясы өшірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Radio New Zealand (RNZ) мәлімдеуінше, қолайсыз ауа райы Солтүстік аралдағы тұрғындардың өміріне әлі де кері әсерін тигізіп отыр.

Жаңа Зеландияның метеорология қызметі (MetService) аралдың шығыс жағалауында желдің жылдамдығы сағатына 240 шақырымға дейін жеткенін, ал астана Веллингтонның биік аудандарында 190 шақырымға дейін күшейгенін мәлімдеді.

Электр энергиясын таратумен айналысатын Powerco компаниясының хабарлауынша, дауыл салдарынан 30 мыңнан астам үй жарықсыз қалған. Сонымен қатар, ағаштардың құлау қаупіне байланысты кейбір үйлерден адамдар эвакуацияланған, ұшақ, пойыз және паром рейстерінің көбі тоқтатылған, бірқатар автомобиль жолдары жабылған. Көптеген мектептерде сабақ уақытша өткізілмей қалды.

Air New Zealand компаниясы қолайсыз ауа райына байланысты Веллингтон, Нейпир және Палмерстон-Норт әуежайларындағы рейстердің уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

Билік өкілдерінің айтуынша, түн ішінде төтенше қызметтерге жүздеген шақырту түскен, ал құтқарушылар құлаған ағаштар, су басу және жолдардың бүлінуі сияқты апат салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.