Жаңа заң: Жер телімін алу жеңілдейді
Елімізде жер телімдерін алу жеңілдейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жер учаскелерін жедел және ашық беру мақсатында жаңа заң әзірленген болатын.
5 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.
Заңда республикалық маңызы бар қалалар, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде электрондық форматта жер учаскелерін беру рәсімін оңайлату көзделген, бұл жер учаскелеріне құқықтарды берудің қолданыстағы мерзімдерін 30 жұмыс күніне дейін өзгертуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, аталған қалаларда жер комиссиясының институты алынып тасталады, сондай-ақ жер комиссиясының хаттамалық шешімі, жерге орналастыру жобасы cынды бірқатар құжаттар қысқартылады, - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің жерлері үшін техникалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер толық цифрланғанға дейін Жер заңнамасымен регламенттелген жер учаскелерін берудің қолданыстағы тәртібі сақталады.
Заңмен мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда құжаттарды келісу барысына онлайн мониторинг енгізіледі, сондай-ақ жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын тіркеу бойынша композиттік қызмет енгізіледі. Жер учаскелерін электрондық беру рәсімі Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесінің «Жария кадастрлық картасында» жер учаскесін таңдау арқылы жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарында (өңірлік геоақпараттық жүйелерде) іске асырылатын болады, - деп түсіндірді министрлікте.
Жария кадастрлық карта Қазақстанның жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларының мәліметтерін және мемлекеттік органдардың өзге де мәліметтерін көрсететін болады.
Белгілі болғандай, 1 шілдеден бастап заңды іске асыруды кейінге қалдыру көзделіп отыр. Себебі нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет.