Жаңа заң қоғамды лудоманиядан сауықтырады - Сенат депутаты

Сенат депутаты Әсем Рахметова кеше қабылданған ойын бизнесі мәселелері туралы жаңа заңға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Депутат заң нормаларымен халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеу және ынталандыру нормалары енгізілгенін айтты.

8 шілде күні Қазақстан халқы үшін маңызды оқиға болды. Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"  заңға қол қойды. Бұл біздің қоғамды нығайтудағы және азаматтарымызды құмар ойындардың жойқын әсерінен қорғаудағы маңызды қадам. Заң нормаларымен халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеу және ынталандыру нормалары енгізілген, - дейді депутат.

Әсем Рахметова заң жобасын дайындау аясында сарапшылардың ғана емес, халықтың да пікірлері ескерілгенін атап өтті.

Құмар ойындарға/бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімі кеңейтілді. Олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосымша жатқызылды. Заң жобасын дайындау аясында сарапшылардың ғана емес, халықтың да пікірлері ескерілді. Жұртшылық мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарына құмар ойындарға тыйым салу туралы петицияны бастады, ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған онлайн-петициялар институты аясында алғашқы мақұлданған петиция болды. Осылайша, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың оларға қатысуы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы құмар ойындарға бәс тігуге қатысуы шектелген. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындарға бәс тігуге қатыса алмайды. Шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару көзделген, - дейді Әсем Рахметова.

Сенат депутаты лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылып, тәуелділік деңгейін төмендетуге, зардап шеккендерге қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға шектеулер қойылды. Лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындарды тұтыну салдарларынан қорғау үшін оларды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады. Жаңа шаралар тәуелділік деңгейін төмендетуге, зардап шеккендерге қажетті қолдау көрсетуге және барлық қазақстандықтар үшін қауіпсіз жағдай жасауға көмектеседі деп сенемін. Мұның бәрі қоғамды лудомания сияқты әлеуметтік эпидемиядан айтарлықтай сауықтырады.

Осы маңызды заңмен жұмыс істеген Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары , А.Қ. Аймағамбетов, Ж.С. Әшімжанов, А.Д. Әлтай, Б.Ж. Базарбек, А.А. Баққожаев, Е.С. Бейсенбаев, Р.А Берденов, Е.Т. Жаңбыршин, Ж.А. Жоргенбаев, Н.Б. Жүсіп әріптестерімізге, Туризм және спорт, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет министрлігі, Ұлттық экономика, Ішкі істер министрлігі өкілдеріне, олардың күш-жігері мен ұлт денсаулығына деген адалдығы үшін алғыс айтамыз. Біз бірге кез келген қиындықты жеңе алатынымызды және қоғамымыз үшін жарқын болашақ құра алатынымызды есте ұстаған жөн,- дейді Сенат депутаты Әсем Рахметова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы