Жаңа заң қоғамды демократияландыру бағытындағы тағы бір қадам – Мәкежанов

ҚР Парламент Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежанов әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрметті достар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды. Өздеріңізге белгілі, елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әсіресе, соңғы уақыттары әлеуметтік өткір мәселе ретінде қарала бастады. Қабылданған заңда сарапшылардың барлық ұсыныстары мен қарапайым азаматтардың өтініштері Президент тарапынан қолдау тапты. Мемлекет басшысының жаңа заңға қол қоюы, ел басшылығының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру аясында қоғам сұранысына ұдайы назар аударып отырғанын көрсетеді, - деп жазды Мәкежанов Instagram-дағы парақшасында.

Оның сөзінше, Президент барлық мәселелерді, соның ішіңде әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін үнемі көтеріп отырады. Аталмыш заң азаматтық қоғам мен мемлекеттің өткір және өзекті мәселені шешуге бағытталған сындарлы өзара іс-қимылының нәтижесі болды.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам болып күресуді қажет ететін әлеуметтік проблеманың бірі ретінде белгіледі. Сондықтан Президент қол қойған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді. Ол туралы Қ. Тоқаев осы жылдың қаңтар айында: «Мен «заң және тәртіп» қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын", - деді. Бұл Заң біздің қоғамды демократияландыру бағытындағы тағы бір қадам болып табылады, - деп түйіндеді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы