Бүгiн 2026, 12:20 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Бажа мен күйеу балаларға тыйым: Шенеуніктер туыстарымен бірге жұмыс істей алмайды

Сондай-ақ туыстардың бір мекемеде қызмет істеуіне тыйым күшейеді.

Сенаторлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша және онымен байланысты бірқатар заңдарды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа нормалар жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, жауапкершілікті күшейтуге және мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысын жоюға бағытталған.

Мүдделер қақтығысының алдын алудың толыққанды тетігі енгізіледі, яғни мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға қызметтік өкілеттігін жеке мүддесіне пайдалануға тыйым салынады.

Жеке мүдделерді декларациялау міндеті енгізіліп, мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі нақты айқындалады.

Туыстар мен өзара байланысты тұлғалардың бірге қызмет атқаруына қойылатын шектеулер күшейтіледі. Атап айтқанда шектеулер тек тікелей бағыныстылыққа ғана емес, жанама ықпал ету, ішкі бақылау, кадрлық сүйемелдеу және өзге де әсер ету тетіктеріне қатысты қолданылады. Мәселен бір ведомствода басшының жиендері, бажалары, қайын інілері, абысын-ажын туыстары мен күйеу балаларының бірге жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын тұлғалар тізімі кеңейтіледі. Атап айтқанда оған квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен бюджет және Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларға қатысушылар да кіреді.

Бүгін қаралып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық түзетулер 35-тен астам заңнамалық актіні қамтиды, соның ішінде мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға және қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып саналады, - деп түсіндірді сенатор Әлішер Сатвалдиев.

«E-қызмет» цифрлық кадр жүйесінің жұмысы заңмен бекітіледі. Ол бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы кадрлық процестер бірыңғай цифрлық форматқа көшіріледі.

Енді пара алу мен пара беруден бөлек, пара беруге уәде ету, ұсыну немесе талап ету үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.

Мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.

Заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілігі артады.

Жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының ескіру мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылады.

Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларға қатысты шектеулер нақтыланады, яғни оларға мемлекеттік функцияларды орындауға байланысты қызметтерде өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана шенеуніктерінің жалақысы халық табысынан 3 есе асып түскен еді.