4 Қараша 2026, 11:10 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Жаңа заң: Қазақстанда тағы бір мамандық иелерінің жалақысы өседі

Заң жобасында ветеринария саласы мамандарының еңбекақысын кемінде 420 мың теңгеге дейін көтеру көзделіп отыр.

Құрылтай депутаттары ветеринария мамандарын қолдаудың жаңа шараларын қарастыратын және өнім қауіпсіздігіне бақылауды күшейтетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Құрылтай депутаты Бота Елеусізованың мәлімдеуінше, ветеринария саласындағы заң жобасына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды күшейтуге, жануарлар ауруларының алдын алуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар түзету енгізілді. Олардың қатарында өнім беретін жануарларға адамдарды емдеуге арналған антибиотиктер мен өсу стимуляторларын қолдануға тыйым салу, ветеринариялық құжатсыз тасымалданған өнімдерді уақытша алып қою және қоғамдық тамақтандыру орындарына арналған малды арнайы белгіленген нысандарда ғана сою талаптары бар.  

Оның айтуынша, заң жобасының негізгі ережелеріне қосымша ретінде құжатпен жұмыс істеу барысында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды күшейтуге, жануарлар ауруларының алдын алу тиімділігін арттыруға, өнім қауіпсіздігі мен адам денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды түзетулер енгізілген.

Атап айтқанда, мал қорымдарына, сою нысандарына, өнім мен шикізат сақтайтын орындарға, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне және бюджет есебінен қаржыландырылатын іс-шараларға қатысты бақылауды Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын қолданбай, тікелей салалық заңнама аясында жүргізу ұсынылады. Сонымен қатар тасымалданатын нысандардың қауіпсіздігі мен қадағалануын қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі. Ветеринариялық құжаттары жоқ өнімдер тексеру, диагноз қою немесе сараптама жүргізу кезеңінде уақытша алып қойылуы мүмкін, – деді депутат Құрылтай отырысында. 

Айта кетерлігі, өнімнің айналымдағы барлық кезеңінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық тамақтандыруға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын арнайы белгіленген орындардан тыс жерде союға тыйым салу ұсынылып отыр. Сондай-ақ ветеринариялық сараптамадан өтпеген және сою алдында тексерілмеген өнімдер мен шикізатты қоғамдық тамақтандыруда пайдалануға шектеу қойылады.

Мал сою алаңдарын жануарларды союға арналған орындар қатарынан шығару көзделген. Бұл ретте кейінге қалдыру мерзімі белгіленеді. Жануарлардың аса қауіпті ауруларына күдік туған жағдайда, нақты диагноз қойылғанға немесе карантин енгізілгенге дейін уақытша ветеринариялық шаралар қолдану ұсынылады. Оның ішінде жануарларды оқшаулау, союды, сақтауды және тасымалдауды уақытша тоқтата тұру қарастырылған. Өнім қауіпсіздігін арттыру үшін өнім беретін жануарларға адамдарды емдеуге арналған антибиотиктер мен өсу стимуляторларын қолдануға тыйым салу да заң жобасына енгізілді, – деді Бота Елеусізова.

Депутат ветеринария саласындағы субъектілерге қойылатын талаптар да күшейтілетінін атап өтті. Атап айтқанда, ұйымдасқан шаруашылықтардың штатында міндетті түрде ветеринариялық дәрігер болуы немесе мұндай маман қызметке тартылуы керек.

Бұдан бөлек, ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге арналған лицензияның кіші түрлері қызмет бағытына қарай нақтыланады. Олардың қатарына ет, сүт, балық, жұмыртқа және басқа да өнім түрлері кіреді.

Зертханалық диагностика сапасын арттыру мақсатында Ұлттық референттік орталыққа ауру қоздырғыштарының микробқа қарсы препараттарға төзімділігін анықтау функциясын беру ұсынылады. Сонымен бірге ведомство мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарын арнайы киіммен және фото-бейнетүсірілім құралдарымен қамтамасыз ету қарастырылған, – деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін ветеринарларға екі айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленуі мүмкін екендігі айтылды.