Жаңа заң блогерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілейді – Дайырбеков
Енді әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандар айыппұл төлейді. Сондай-ақ пирамидаға ақша салатын адамдардың қатары азаймақ. Блогерлік арқылы ақша тауып отырған адамдар үкіметке салық төлейді. Бұдан бөлек, онлайн платформадағы алаяқтарға тұсау салынбақ, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңына қол қойды. Аталған жаңа заң жобасына онлайн-платформада белсенділік танытып, халықпен тығыз қарым-қатынас ұстайтын тұлғалар өз пікірлерін білдірді.
Елімізде онлайн-платформаларда хакерлікпен айналысатын адамдар да көбейген. Осы ретте «DRC Qazaqstan» орталығының директоры қабылданған жаңа заң онлайн-платформаларды ретке келтіріп, алаяқтықпен айналысатын адамдарға тұсау болатынын атап өтті.
Заң онлайн-платформалар мен блогерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Атап айтқанда, желіде жалған ақпарат таратқаны үшін қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жауапкершілік те енгізілген. Осы ретте, айта кететін бір жайт, онлайн-платформаларда хакерлікпен, алаяқтықпен айналысатын адамдар көбейген еді. Енді осы заңнаманың арқасында алаяқтарға тұсау салынбақ. Заңды тұрғыда олар да жазаға тартылады. Біздің орталықта IT- заңгерлер жұмыс істейді. Біздің жұмысымыз бұғатталған парақшаларды шешіп, сот алдында кінәлілерді жазалаймыз. Бүгінгі таңда онлайн-платформалардың бір бөлігі елімізде өз өкілдіктерін ашып жатыр. Осылайша, елімізде әлеуметтік желілердің өз өкілдері пайда болады. Жұмыс күші көбейеді. Тіпті, біздің елімізден де жаңаша бағдарламаларды ойлап табатын жастардың қатары көбеймек. Әлеуметтік желіде де алаяқтардың саны азаймақ. Себебі, бақылау күшейтіледі. Осы ретте, айта кететін жайт, мемлекеттік тілдің дамуына қатысты да оң өзгерістер байқалады. Әлеуметтік желілер қазақ тілінде қызмет көрсете бастайды. Жарнама бергенде мемлекеттік тілдегі нұсқасын қамтамасыз ету, зиянды көріністерден балаларды сақтау, олардың құқықтарын қорғау секілді мәселелер заңда көрсетілген. Заңда жалған ақпарат таратпау сынды нормалар да қарастырылған. Аталған заң ел игілігі мен қоғам дамуына қызмет етіп, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды деген сенімдемін, – дейді «DRC Qazaqstan» орталығының директоры Руслан Дайырбеков.
Журналист Мақат Садық елге жететін ақпараттың нақты әрі сенімділігі үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Сөзінше, кейінгі уақытта әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналып, әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғаймақ.
Мемлекет саяси реформалар аясында сөз бостандығын қорғау үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр. Азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі Әділетті Қазақстанда айқын көрініс табуда. Мұны біз Парламенттен көріп отырмыз. Заман талабына сай, қазір қоғамның сұранысы күшейді. Азаматтар биліктен орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Олар берген уәделеріміздің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр. Расында, реформалардың нәтижесін көзбен көріп, әсерін сезінгенде ғана сенім күшеймек. Осы тұста елге жететін ақпараттың нақты әрі сенімділігі үлкен рөл атқарады. Кейінгі уақытта әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналып, әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайғанын көріп отырмыз. Біз жетсек деп армандайтын өркениетті Еуропа елдері бұл бағытта тиісті заңдарын бекітіп тастады. Мемлекеттік мүдде мен ақпарат құралдары – біте қайнасып жатқан ұғым. Еуропадағы демократиялық жүйенің де ыдырап кетпеуінің күнделікті сақшылары – журналистер қауымы, – дейді Мақат Садық.
Мақат Садықтың айтуынша, әлеуметтік желіде дұрыс сөйлеп, тартымды жазба қалдыруды қолға алу керек.
Әлемде ең әуелі сөз болған... Сонау заманалар қойнауына үңілсеңіз, қай халық та, қай өркениет пен алып империялар да соңына таңғажайып мұрасын қалдырып отырған. Адам баласы жүріп өткен әрбір жолда, сүрлеуде, соқпақта, ойлы-қырлы жерлердің барлығында тасқа қашап, қағазға түсіріп, ұрпақтарына жетсе деп өмір белестерінің өткелдері туралы шежірені қалдырып кеткен. Сол ата-бабаларымыздың арманы мен аңсарын, мұраты мен мақсатынан тәлім-тәрбие алмай, құндылықтарымызды сақтап қала алмаймыз. Әлемдік зайырлы қоғам тарихына үңілсек, ең алдымен, сөз түзелгенде сол елдің көркеюі басталады екен. Франция мен Британияны алайық. Осы алып екі мемлекеттің мыңжылдық адамы болып Наполеон Бонопарт пен Уинстон Черчиль танылған. Екеуі де өмір жолын журналистикадан бастаған. Барлық реформасын ақпарат құралдарына сүйеніп, солардың қолдауымен жүзеге асырған. Наполеонның «Азаматтық кодексінің» бүгінгі күнге дейін қолданыста болуы сөз бен істің бірізділігінен, – дейді Мақат Садық.
Журналистің пікірінше, қазақтың тойы бітпесін деп сайрайтын асабалар қасиетті домбыраны той-думаннан ысырып тастаған.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Қазақтың қабырғалы қаламгері Қадыр Мырза Әлі неге осылай жазғанын айтқан. Қыс қыстау, жаз жайлауда шаруасын жинақтаған бабаларымыз дастархан басына жиналып, домбыра үнімен ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан жыр-дастандарына құлақ түретін. Сонысымен де қазақтығын сақтап қалған. Қазір ше? Ойымызға келгенді айтып, жеңіл сөздің жетегінде кететін асабалар билеген кезде домбырамыз қандай күйде десеңізші?!... Қазақтың тойы бітпесін деп сайрайтын асабалар қасиетті домбыраны той-думаннан ысырып тастады. Тек беташарда ғана көреміз, - деді ол.
Бұдан бөлек, ол Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек екенін айтты.
«Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруі тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді». Бұл сөздер – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан құрылтайында сөйлеген сөзінен алынған тезистер. «Онлайн-платформалар және онлайн жарнамалар туралы» заңға кеше қол қойылды. Бұл заң өмірімізге үлкен оң өзгерістер енгізеді. Жалпы, аталған заң жобасы бірінші кезекте азаматтардың құқығын қорғауға, онлайн-ортаны қауіпсіз және ашық түрде дамытуға бағытталған. Қазақ сөз қадірін білетін, орынды сөзге тоқтап, «ат-шапан айыбым» деп кәде жасайтын халық. Ата дәстүрмен онлайндағы сөзімізді түзесек, нақты өмірдегі ісіміз де алға басар, – дейді журналист Мақат Садық.
Қабылданған жаңа заңда екі ұғым бар:
1. Блогер/инфлюенсер.
2. Онлайн-платформа қолданушысы.
Осы ретте азаматтардың “Егер мен Facebook-ке пост жазсам, заң бойынша блогер деп саналамын ба? Салық төлеймін бе?” деген сұрақтарына экономист Айбар Олжаев жауап берді.
Егер кәдімгі режимде өз ойларыңызбен пост жазатын болсаңыз, бірақ одан кәсіпкерлік кіріс алмасаңыз, онда сіз онлайн-платформа қолданушысы болып есептелесіз. Ешқандай салық төлемейсіз. Сізге де жалған немесе заңға қайшы ақпарат таратпау, анықталған жағдайда оны өшіру және фото бойынша талаптар қойылады. Бірақ сізге «Жарнама туралы» заң бойынша, Салық кодексі бойынша талаптар міндеттелмейді. Егер адам өзі тіркелген онлайн платформада ақылы пост жазып, викторина ұйымдастырып, жарнама орналастырып, яғни, осы жұмыстан қандай да бір табыс табатын болса, онда заң оны блогер/инфлюенсерге жатқызады. Блогер/инфлюенсердің құқықтары мен міндеттері мынадай: ақылы материалға, жарнамаға міндетті түрде белгі қою. Жарнама мәтініне қатысты ҚР «Жарнама туралы» заңының талаптарын сақтау. Ал кәсіпкерлікке қатысты – ҚР Салық кодексін сақтау, яғни салық төлеу. Жалған ақпарат немесе заңға қайшы (ОПОЖ заңында заңға қайшы ақпараттың нақты анықтамалары берілген) ақпарат таратпау. Егер ол анықталса, жаңағы ақпаратты өшіру. Посттарда үшінші тұлғаның бейнесін оның рұқсаты бойынша ғана қолдану. Бейне бойынша, егер фото бұқаралық шара кезінде түсірілсе немесе оның лауазымды тұлға ретінде осы тақырыпқа қатысы болса, онда рұқсат сұрап қажеті жоқ. Мен онлайн-платформадан кәсіпкерлік табыс алып, салық төлейтіндіктен, 60 күннен кейін ресми түрде заң бойынша блогер/инфлюенсер деп есептелетін боламын, – дейді экономист Айбар Олжаев.
Еске салайық, аталған жаңа заң БАҚ-та жарияланған кейін 60 күннен соң күшіне енеді.