Бүгiн 2026, 13:12 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жаңа заң: Ауыл бюджеті күшейеді, мәслихаттардың құқығы кеңейеді

Заң жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігін күшейтіп, мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтуді және білім беру саласындағы бірқатар құзыретті аудан деңгейіне беруді көздейді.

Сенат депутаттары мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне қатысты заң жобасын екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Серік Шайдаровтың айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты – жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту және жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін күшейту.

Оның сөзінше, өзгерістердің алғашқы бөлігі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Мәслихаттарға бірқатар жаңа өкілеттік беріледі. Енді олар әкімдердің халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелерді шешуге арналған іс-шаралар жоспарының орындалуын қарай алады. Сонымен қатар бюджет комиссияларының жұмысына қатысып, елді мекендердің санитариялық тазалығын қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді. Бұдан бөлек, тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелеріне тәртіптік жаза қолдану құқығы да мәслихаттарға беріледі, – деді Серік Шайдаров.

Заң жобасында мәслихат төрағасы мен аппарат басшысының өкілеттіктері нақты ажыратылған. Сондай-ақ депутаттық сауалдарға жауап беру мерзімі екі есе қысқарып, 30 күннің орнына 15 күн болып белгіленеді. Жергілікті қоғамдастық жиналыстарының құзыреті де кеңейтіледі.

Тағы бір маңызды өзгеріс – бір адамның облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана немесе аудан мәслихатының төрағасы қызметін қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмауы.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігін арттыру үшін аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің бюджетіне қосымша кіріс көздері беріледі. Атап айтқанда, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығының бір бөлігі, жекелеген қызмет түрлеріне берілетін лицензиялардан түсетін алымдар және кейбір экологиялық айыппұлдар жергілікті бюджетке бағытталады.

Сенатордың айтуынша, түзетулердің келесі блогы жер қатынастары мен инвестициялық жобаларды іске асыру тәртібін жетілдіруге арналған.

Инвестициялық жобалар үшін жер телімдерін беру рәсімдері оңтайландырылады, қоғамдық талқылауларды өткізу тәртібі нақтыланады. Сонымен бірге сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларындағы цифрландыру жұмыстары жалғасады. Тұрғын үй қатынастарына қатысты да бірқатар өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері нақтыланады. Бұдан бөлек, оңалту рәсімінен өтіп жатқан коммуналдық меншіктегі жекелеген энергия өндіруші ұйымдарға жергілікті атқарушы органдар субсидия бере алады, – деді депутат.

Заң жобасы көмекші репродуктивтік технологияларды қолдану мен суррогат ана болу мәселелерін құқықтық тұрғыдан реттеуді де қамтиды.

Сонымен қатар мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы бірқатар өкілеттік облыстық деңгейден аудандық деңгейге және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне беріледі.

Осы өзгерістерге байланысты Бюджет кодексіне де түзетулер енгізіледі. Соған сәйкес мектепке дейінгі және орта білім беру шығындары облыстық бюджеттен аудандық деңгейдегі және облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне қайта бөлінеді.

Айта кетейік, бұған дейін Сенат экология мәселелері жөніндегі заң жобасын Мәжіліске қайтарған еді.