Жаңа валюталық ереже қабылданды. Нарыққа қалай әсер етеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанның қаржы нарығында жаңа ереже күшіне енеді. Құжатқа Ұлттық банк пен АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті қол қойды. Осылайша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен ҚР Ұлттық банкі арасында валюталық реттеу акті енгізіледі.

Жаңа құжаттың басты ерекшелігі – елдің қаржы нарығы мен АХҚО қатысушылары арасындағы қатынасты алғаш рет нақтылайды. Бұл дегеніңіз АХҚО-да тіркелген шетелдік компаниялар мен Қазақстан резиденттері өзара ақша аударымдары мен операциялар жасай алады.

Қаржы орталықтары жұмысының халықаралық тәжірибесін ескере отырып биыл 10 қарашада АХҚО валюталық реттеу актісі қабылданды. Құжат ҚР Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктерінің қатысуымен дайындалды. Құжат 1 желтоқсанда күшіне енеді. Құжатқа сай АХҚО алаңында тіркелген компаниялардың Қазақстан Республикасы аумағы бойынша көрсететін қызмет түрлері нақтыланды. Бұл АХҚО-ның толыққанды қаржы орталығына айналу әлеуетін кеңейтіп, шетелден инвестиция тартуға тағы бір артықшылық ұсынбақ. Бұл өз кезегінде елдің қаржы секторының дамуына, нәтижесінде экономиканың өсіміне өз әсерін тигізеді, - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев.

Айта кетейік, жаңа ереже АХҚО-да тіркелген компаниялардың Қазақстан нарығына шығу тәртібін айқындап, операциялардың қай валютада жүргізілетінін нақтылайды.

Белгілі бір уақытқа дейін АХҚО-да тіркелген компаниялар Қазақстан нарығына қалай шығатынын, қазақстандық клиенттерге қызмет көрсету тәртібін, операцияларды қай валютада жасайтынын нақты білмей келді. Валюталық реттеу акті осы сұрақтарға жауап беріп, нақты ережелерді бекітті. Біз Қазақстанның қаржы нарығының халықаралық деңгейде дамуы үшін жұмыс істейміз. АХҚО-да тіркелген инвестициялық банктер, активтерді басқару мен сақтандыру компаниялары Қазақстан нарығы үшін үлкен сұранысқа ие бизнес түрлері,- дейді АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің Бас директоры Мұхтар Бубеев.

Ереженің өзіне тоқталар болсақ, АХҚО-да тіркелген компаниялардың Қазақстан нарығына шығып, 21 түрл қызмет ұсынуына жол ашады.

Атап айтқанда олардың қатарында:

- Банктік және төлем қызметтері: несиелеу, ислам банкингі және өзгелері;

- Сақтандыру: ерікті сақтандыру түрлері, қызметтерді қайта сақтандыру, ерекше түрдегі тәуекелдерді сақтандыру (табиғи апаттар, терроризм қаупі, саяси, климаттық және кибер қатерлер);

- Инвестициялық қызметтер: инвестициялық банк қызметтері, дилерлік қызмет, брокерлік қызмет, кастодиалды қызмет, инвестицияларды басқару (соның ішінде инвестициялық қорларды басқару), трастық қызмет.

Яғни, 1 желтоқсаннан бастап Қазақстандағы кез келген бизнес АХҚО юрисдикциясында тіркелген банктерден несие алу үшін өтінім бере алады. Ал жеке тұлғалар АХҚО-да тіркелген сақтандыру компанияларының қызметтеріне жүгіне алады.

АХҚО-да тіркелген исламдық банктер мен исламдық сақтандыру ұйымдары Қазақстан резиденттеріне кез келген валютада, соның ішінде теңгеде қаржылық қызметтер көрсете бастайды.

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің мәліметінше, аталған келісім осымен шектелмей, алдағы уақытта АХҚО-дағы компаниялардың Қазақстан резиденттеріне көрсететін қаржылық қызмет түрлері әлі де көбейе түспек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы